Санай қарияның Баян-Өлгейге барып қайтамын дегенін балалары құп көре қоймаған. Онсыз да соңғы кезде әлсін-әлсін төсек тартып қала беретін үлкен кісіні дәл осы күйде ешқайсының алыс сапарға жібергісі жоқ.
Әдетте қол қусырып қарап отыруды білмейтін қарияның денсаулығы сыр беріп, үйден шықпай жатып алғанына да бір айдың жүзі болған. Қостанай төңірегінде балалары апармаған емхана, емші қалмады. Дәрігерлер құдды бәрі келісіп алғандай «алып бара жатқан ештеңе жоқ, таза ауаға жиі шығарып, тамағын баптап беріп, көңілін аулаңыздар» деп жымиып шығарып салады. Өткенде ортаншы ұлы Заңғар таяуда жұмысынан сұранып, Астанадағы мықты бір медициналық орталыққа апаратынын айтқанда қария мақұл көрген сыңай танытқан еді. Енді, міне, соның бәрін ұмытып, аяқ астынан жолға шығамын деп отыр.
Әуелде балалары жабылып, келіндері жалыныпжүріп райынан қайтарып көрмек болған. Бірақ қария «Туған жер түсіме кіріп жүр, бармасам болмас. Сөз шығындап, бос әуре болмаңдар, шырақтарым» деп шорт кесті. Әзей ана да «Әкелерің жалғыз кетіп бара жатқан жоқ, барып келсін. Нағашыларыңның көлігі жайлы, шаршатпай апарып келеді» деген.
Осы әңгімеден кейін бір айдай уақыт өтті. Санай қарт аман-есен елге барып келді. Балалары бір-біріне қарап жымың-жымың етеді. Өйтпегенде ше, өткендегідей емес, сергек, тіпті жасарып кеткен тәрізді. Бұрын бозарып тұратын жүзінде қан ойнай бастаған. Әлгі науқасының ізі де жоқ. Амандық сұрай келген құда-жегжат, көрші қолаңның ортасында баяғыша көсіліп әңгіме айтып отыр. Аздап толысқан сияқты ма, қалай?
«Біз жүрегін шекараның тікен сымына тілдірген жаралы жанбыз. Арғы бетте туған жер, бергі бетте отаным – екеуі де ыстық. Баян-Өлгейде жаман тұрған жоқпыз. Ол жақта да тұрмысымыз жақсы, қадірлі болдық. Сонда да осы балалардың болашағы үшін деп 38 жасымда аға-бауырларымның қасымызда бол дегеніне қарамай, жалғыз көшіп кеттім. Одан жаман болған жоқпыз, Тобыл өңіріне біржола орнығып, жергілікті жұртпен біте қайнасып бір кісідей сіңісіп кеттік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Әйтсе де тірі адам сағынады екен. Көктемнің иісі сезіле бастағаннан-ақ, жылқы тәрізді туған жерімді аңсай бастаймын. Ондайда денем ауырлап, жатып қаламын. Балалар мұны әкеміз сырқаттанып қалды деп түсініп, дәрігерден дәрігерге апарып, әурелейді. Сағыныштың дертін қайдан білсін бұлар?!» – дейді қария.
Санай Іркітбайұлы мен Әзей Бәлелқызы бүгінде Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылында тұрады. Екеуі жеті бала өсіріп, жетеуін жеткізіп немере-шөбере сүйіп, әулеттің, елдің тілеуін тілеп отыр. Балалары да өмірден өз орнын тапқан, өңірге белгілі азматтар. Тұңғышы Мейрамбек – кәсіпкер. Айнұры – мектеп мұғалімі. Ортаншысы – Заңғар белгілі журналист, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өңірлік филиалының төрағасы. Одан кейінгі Дәркенбайы– Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның жанындағы «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің белді мүшесі. Дәркенбай қолы бос кезде киіз үйдің ағаштарын, үй жиһаздарын жасайды. Алтынбек – «Қостанай-Су» мекемесінің механигі. Тұлпар жылқы шаруашылығымен айналысады. Асыл тұқымды сәйгүлік баптайды. Сүт кенжесі Дүлдүлбектің де жеке шаруашылығы бар.
Бұл әулеттің келіндері шетінен ісмер. Қолдары қалт етсе, Әзел ананы айнала отыра қалып ұлттық киім үлгілерін тігіп, қыз жасауын дайындайды.Одан қалды, Дәркенбайдың тапсырысымен, киіз үй жабдығын тігеді.
Айтпақшы, әлгі оқиғадан кейін Санай қарияны балалары жыл сайын Баян-Өлгейге апарып тұратын болған.