Облыстық архив қоғам қайраткері Бақытжан Жұмабаевтың жеке тектік құжаттар қорымен толықты

Облыстық архив қоғам қайраткері Бақытжан Жұмабаевтың жеке тектік құжаттар қорымен толықты

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары Алексей Костюков пен қор құрастырушы Бақытжан Жұмабаев жеке тектік құжаттар қорының тұсауын кесті.

Облыстық архивтің басшысы Сәбит Қазыбаевтың айтуынша, биылғы мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлерінің жеке тектік қоры 1940-2025 жылдар аралығындағы кезеңді қамтып отыр. Бұдан былай олардың қатары бүгінде мерейлі сексен бес жасқа толып отырған Бақытжан Жұмабаевтың 50-ден астам іс құжаттарымен толықтырылғанын айта кетейік.

Құжаттардың құрамында өз өмірін қоғамның әлеуметтік, білім, саяси өміріне  арнаған тұлғаның еңбек жолын бейнелейтін бірегей материалдар бар.

«Қостанай облысының мемлекеттік мұрағаты жыл сайын жеке текті қорлардың құжаттарымен толығып келеді. Жеке текті құжаттарды пайдалану арқылы ресми басқару құжаттамасында жоқ ақпаратты алуға болады. Бұл жеке қорлардың қалыптасу ерекшеліктеріне байланысты. Олар өмірбаяндық сипаттағы құжаттарды, жеке құжаттарды, қор құрушы жинаған құжаттарды, фото және бейне құжаттарды біріктіреді. Қажетті және өте сирек кездесетін ақпаратты іздеудің тұтас базасын жасайды», – деп атап өтті Сәбит Қазыбаев.

Кездесуге облыстың құрметті азаматтары – Бақытжан Жұмабаевтың әріптестері жиналды. Олардың арасында Осыдан 60 жыл бұрын комсомолға қабылданып, үзеңгілес болған Қадырхан Қожанов та бар.

«Мектепке қабырғасында жүргенде комсомолдың бастауыш ұйымына таңдап алындым.  Аудандық жастар конференциясы жиі өтіп тұратын. Ол кезде бұл кісі Фрунзе орта мектебінде оқытушы, білім ордасының жанынан құрылған бастауыш ұйымының белсенді мүшесі-тын. Көп ұзамай Аудандық комсомол ұйымына хатшылық қызметке келді. Сонда ресми түрде  Бақытжан Ниязғұлұлының қолынан 1967 жылы осы билетті алған едім», – деп есіне алды Қадырхан  Қожанов ақсақал.

Иә, Бақытжан Ниязғұлұлының балалық шағы қазіргі осы Денисов ауданында өткен еді. Аршалы орта мектебін бітіріп, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі.

Осы күндер ғылымға үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар алқасының төрағасы Қалқаман Жақып пен тарих ғылымдарының кандидаты Иван Терновойдың әлі күнге көз алдында.

«Бақытжан ол уақытта қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүретін. Оқуға сондай алғыр, айтқанды лезде қағып алады. Бұл кезеңді оның кәсіби жолының басталуы деп санауға болады. Оқытушылық жұмыс ол үшін оқушыларға білім беріп қана қоймай,  жауапкершілік сезімін оятып, білімге деген ұмтылысты тәрбиелеуге басты қағида ретін қалыптасты. Университет қабырғасында қаланған алғашқы іргетас оның жастармен одан әрі жұмыс істеуіне негізі болды»,  – деп қорытты ойын Иван Терновой.

Фрунзе орта мектебінде физика және математика пәнінің мұғалімі бола жүріп,  кәсіби қызметіндегі алғашқы қадамдарын жасады. 60-жылдардың ортасында Комсомол органдарына жұмысқа ауысты. Сол кездегі Орджоникидзе аудандық комсомол комитетінің екінші, содан кейін бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Бұл кезең ол үшін жастар жұмысын ұйымдастырудың, ұжымдарды басқарудың және іске асырудың маңызды тәжірибесіне айналды.

Әріптесі әрі замандасы Қалқаман Жақып сол жылдардың қайта оралмас сәттерін тебірене сөз етті.

«Бақытжан Ниязғұлұлының өңіріміздің жастар тәрбиесіне қосқан үлесі зор. Әлі де қоса береді. Әлі есімде. Бұл кісі Қостанай облыстық комсомол комитетінің хатшысы, кейін екінші хатшысы болды. Осы жылдарда ол жастарды тәрбиелеу, оларды әлеуметтік және өндірістік қызметке тарту мәселелерімен белсенді айналысты. Кейін Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, партия органдарында жұмысын жалғастырғаны көз алдымызда. Жітіқара аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүргенде де өзін шебер ұйымдастырушы және стратег ретінде көрсете білді», – деді Қалқаман Жақып.

Бақытжан Жұмабаев әлеуметтік салада ғана емес өзін саясатта да сынай білген жан екенін атап өттік. Рудный қалалық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Бұл кезең оның қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту жолындағы белсенді жұмысымен ерекшеленді. Кейін жаңадан ашылған Обаған аудандық халықтық бақылау комитетіне ауыстырылды.

«Аудандағы халықтық бақылау комитетін ол басқарған жылдары тиісті мекемелер заңдылықты сақтау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелерімен жүйелі айналысты.Күрделі 90-шы жылдары әлеуметтік және экономикалық өзгерістерді қоғамның игілігі үшін шеше білді», – деді бұл туралы мемлекеттік қызмет ардагері Жандарбек Сейітов.

Осы қызметін жоғары бағалаған облыс басшылары сол кездегі Алтынсарин аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасының орынбасарына облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыру-бақылау бөлімін  сеніп тапсырды. Ол жерде де азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдауға елеулі үлес қосты. Облыстың мұрағаттар мен құжаттамаларды басқару бөлімінің бас маманы қызметін атқара жүріп, аймақтың тарихи мұрасын сақтауға ықпал етті. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де белсенді қоғамдық қызметін жалғастырды. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі болды, жастармен жұмыс және облыстың танымал адамдарын еске алу жөніндегі комиссиясын басқарды.

Міне, еңбек адамының бұл жеке тектік қоры тарихшыларға, зерттеушілерге, студенттерге және еңбекқорлық, адалдық сияқты жеке қасиеттердің қоғам мен мемлекеттің дамуына қалай әсер ететінін түсінгісі келетін жандарға қызықты болғалы тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген  – Жансая Сәбитбек

Жаңалықтармен бөлісу