Халыққа берілген уәде – орындалуы тиіс. Осы қағидатты басшылыққа алған AMANAT партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы Бейімбет Майлин ауданына барып, сайлауалды бағдарлама аясындағы және стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылыс сапасын тексерді.
Бақылау тобы алдымен Әйет ауылында бой көтеріп жатқан 18 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысан құрылысы 2023 жылы басталғанымен, мердігер тарапынан техниканың және жұмыс күшінің жетіспеуі салдарынан жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталмаған. Мемлекеттік сатып алу шарты бірнеше рет түзетілген. Қазіргі таңда мердігерге қатысты сот процесі жүруде.

«Біз үшін ең маңыздысы – халық күтіп отырған нысанның сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі. Әрбір бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы – партиялық бақылаудың басты талабы», – деді Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Айтжан Есенгелдинов.
Келесі нысан – аудан орталығында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл – жергілікті тұрғындар көптен күткен жобалардың бірі. Құны 435,6 млн теңге болатын кешен AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген Жол картасына енгізілген. Қазіргі уақытта нысанның дайындық деңгейі – 95%. Құрылыс алаңында тірек бағандар орнатылып, монолитті іргетас құйылған, қазір жиһаздар мен спорт жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

«Бұрын мұндай заманауи спорт кешені тек қалада болады деп ойлайтынбыз. Енді өз ауылымызда салынуда. Балаларымыз спортпен айналысып, денсаулықтарын нығайтатын мүмкіндікке ие болады», – дейді Әйет ауылының тұрғыны Айнагүл Досмағамбетова.
Нысанды пайдалануға тапсыру мерзімі – 2025 жылғы 31 тамыз. Бүгінде сыртқы ірі жұмыстар аяқталғанымен, ішкі әрлеу және абаттандыру кезеңдері жалғасуда.

Партиялық бақылау шеңберінде комиссия мүшелері Асенкритов ауылындағы су құбыры желісінің құрылысымен де танысты. Жобаның жалпы құны – 777,1 млн теңге. Қазір 15,5 шақырым су құбыры тартылып, 215 құдық орнатылған. Сонымен қатар, үш ұңғыма бұрғыланып, сорғы станциялары мен электр желілері толық жабдықталған.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін ауылдық округтерді 100% таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы – біздің жұмысымыздың бағдары. Бұл тек инфрақұрылым емес, адамдардың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Сол себепті біз бұл жобаның іске асырылуын күн сайын бақылауда ұстаймыз», – деп атап өтті Айтжан Есенгелдинов.

Жоба 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазір ауылішілік жоспарлау және резервуарды топырақпен жабу жұмыстары жүріп жатыр.
Сапар соңында бақылау тобы Май ауылының орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. 327 оқушыға арналған білім ордасының шатыры мен қасбеті жаңартылып, жылыту және электр жүйелері ауыстырылуда. Оқу кабинеттері мен спорт залы заманауи талаптарға сай жабдықталуда.

«Біз үшін балалардың білім алатын орны қауіпсіз әрі жайлы болуы – басымдық. Жөндеу аяқталған соң мектеп жаңа оқу жылын жаңарған кейіпте қарсы алады», – деді аудандық мәслихат депутаты, бақылау тобының мүшесі Айгүл Мәдиева.

AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында ауыл инфрақұрылымын жаңарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру сияқты нақты басымдықтар айқындалған. Аталған жобалар – осы басымдықтардың іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған AMANAT партиясының
баспасөз қызметі
