Еңбек адамы: техника тізгініндегі 35 жыл

Еңбек адамы: техника тізгініндегі 35 жыл

Қазақ халқы қашанда еңбексүйгіштігімен және табандылығымен ерекшеленген. Осындай еңбекқор жандардың бірі – Сәрсенбай Тоқтамысұлы Имантаев. Ол 35 жылдан астам уақыт ауыр техника тізгіндеп келеді. Бүгінде ол Қостанай жылу-энергетикалық компаниясында еңбек етеді.

Көп жылдық тәжірибесі мен еңбекке деген адалдығының арқасында Сәрсенбай Тоқтамысұлы әріптестері арасында беделді маманға айналған. Оның жұмысы тек үлкен техникаларды басқарумен ғана шектелмейді. Ол апатты жағдайларды қалпына келтіру, құбырларды жөндеу және өзге де инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстарға атсалысады. Сәрсенбай аға 1962 жылы Мендіқара ауданы, Қаратал ауылында дүниеге келген. Жастайынан техникаға қызығып, мектепті бітірген соң жүргізуші мамандығын меңгереді. Еңбек жолын ауылда жүк көлігінің жүргізушісі болып бастаған. Техникаға деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығының арқасында бірте-бірте үлкен машиналарды басқаруды үйреніп, механизатор ретінде жоғары тәжірибе жинақтайды.

“Алғаш жиырма жеті жасымда техникаға отырдым. Бастапқыда жүк көлігін жүргіздім, кейін трактор, экскаватор, тиегіш сияқты ауыр техникаларға ауыстым. Жұмыс оңай болған жоқ, бірақ тәжірибе мен жігер бәрін жеңді. Әр істі адал әрі жауапкершілікпен атқару – менің басты қағидам”, – дейді ол.

Бүгінде Сәрсенбай Тоқтамысұлы Қостанай жылу-энергетикалық кәсіпорнында ауыр техниканы басқарып, жылу желілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне өз үлесін қосып келеді. Яғни, жылу желілерінен ақау анықталса, жөндеу үшін экскаватормен жер қазып әріптестеріне ыңғайлап береді. Мұның сыртында кәсіпорынның жоспарлы жұмысына атсалысады.

“Жылыту маусымы басталған кезеңде апаттық жағдайлар орын алмай тұрмайды. Құбыр жарылса дереу жөндеуге аттанамыз. Уақытпен санаспаймыз. Көпқабатты үйлер жылусыз қалмауы керек”, – дейді Сәрсенбай Тоқтамысұлы.

Ауыр техникамен жұмыс істеу тек шеберлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әріптестері оны өз ісіне мұқият, адал әрі шебер маман ретінде бағалайды.

“Сәрсенбай аға бізге әрқашан үлгі. Ол тек өз жұмысын жақсы атқарып қана қоймай, бізге ақыл-кеңес беріп, тәжірибесімен бөліседі. Ол қызметте еңбекқорлығымен, қарапайымыдығымен сыйлы”, – дейді әріптесі Қайыржан Ноғаев.

Сәрсенбай Тоқтамысұлы жары екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Балалары бүгінде беделді жерлерде қызмет істейді.

“Мен үшін ең маңыздысы – отбасымның амандығы. Балаларыма әрқашан еңбекқор болуды, адалдық пен сабырлықты үйретемін. Ұлым шаңырақ көтерген, немере сүйер күн де алыс емес бұйыртса”, – дейді еңбек адамы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету туралы жиі айтып келеді. Шын мәнінде, Сәрсенбай Тоқтамысұлы сияқты қарапайым, бірақ қажырлы еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар – қоғамның нағыз тірегі. Биылғы жыл Мемлекет басшысының жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Сәрсенбай Имантаевтың еңбек жолы, адал қызметі, қажырлы еңбегі кейінгі буынға өнеге болуы керек.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Жанбосын НОҒАЕВ,

ҚӨУ-нің студенті

Жаңалықтармен бөлісу