«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры негізінде құрылған «Батыр боламын» қоғамдық қоры аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне құны 15 571 000 тұратын спорттық жабдықтар әкелді. Қайырымдық қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы және «Батыр боламын» жобасының негізін қалаушы ағайынды Асыл мен Арман Балкенұлы арнайы келіп табыстады.
Айта кету керек, спорт жабдықтарының ауданға келуіне себепкер болған – Лисаковск қаласының БЖСМ-нің басшысының міндетін атқарушы Қайрат Берденбек. Аталмыш шараға аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев, аудандық мәслихат төрайымы Анар Ержігітова, «AMANAT» партиясы Жанкелдин аудандық филиалының төрағасы Ғабит Сүндетбаев, Торғай ауыл әкімі Кемеңгер Қарағұлұлы сондай-ақ мекеме басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.
Аудан әкімі Дінмұханбет Серікұлы игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді.
«Спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Бұл бастама жастардың дені сау, жігерлі, қайратты болып өсуіне көмектеседі. Жаңа құрал жабдықтар жас спортшылардың өз қабілеттерін дамытып, болашақта биік белестерді бағындыруына жол ашады. Осындай игі іске мұрындық болған азаматтарға ризашылығымды жеткізгім келеді. Спортшыларымыз жақсы дайындық жасап, әлемдік додаларда аудан намысын асқақтады деген сенімдемін», – деді аудан басшысы.
Келген меймандар ең алдымен спорт мектебінің спорт залдарын толықтай аралап, жас спортшыларға жылы лебіздерін білдірді. Аталған қаржыға бокс, дзюдо күресі, қазақ күресі, стол теннисіне және спорттың басқа да түрлеріне қажетті жабдықтар алынған.
Мәселен, боксқа қажетті барлық жабдықтар, күрес киімдері, теннис ойынына қатысты барлық жабдықтар, ойын доптары сынды негізгі қажеттіліктермен қамтылды. Бұл спортшыларымызға үлкен мүмкіндік және жеңіске деген шабыт сыйлары сөзсіз. Бұл жоба ауыл жастары үшін жетістіктерге жетуіне жол ашатын үлкен мүмкіндік. Спорт- ұлт денсаулығының кепілі, ал осындай бастамалар – салауатты ұрпақ тәрбиелеудің маңызды қадамы.
«Бүгінде ауданымыздағы спорт саласына жасалған қолдау – болашақ чемпиондардың қалыптасуына үлкен үлес қосады. «Батыр боламын» қоғамдық қорының демеушілігімен спорт мектебімізге қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, ауылдардағы үйірмелердің материалдық базасы айтарлықтай нығайды. Бұл – жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бәсекеге қабілетті, кәсіби спортшы болып қалыптасуына зор мүмкіндік. Осындай игілікті іске бастамашы болған жанашыр азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», –деді спорт мектебінің директоры Қызылбай Әділбеков.
Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің барлық ауылдардағы үйірмелері үшін арнайы жабдықтар теңдей бөлінетін болады. Бұл туралы мектеп басшысы өз сөзінде тілге тиек етті. Қалам-Қарасу ауылындағы волейбол үйірмесіне жаңадан әкелінген доптар беріледі. Бұл үйірмеде 32 жас спортшы тұрақты түрде жаттығады.
Жаркөл ауылында қазақ күресімен айналысатын 38 балаға арнайы күрес күртешелер және қажетті жабдықтармен қамтылады. Ақшығанақ ауылында қазақ күресімен айналысатын 36 балаға жаңа келген екі кілемнің біреуі жеткізіледі. Жақсы бастама ауданның спорт саласын дамытуға, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік бермек. Заманауи спорттық жабдықтар жас спортшылардың кәсіби деңгейде жаттығуына жағдай жасап, болашақ чемпиондардың шыңдалуына септігін тигізеді.
Спорт – ұлт денсаулығының кепілі, ал осындай бастамалар – салауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін маңызды.