Сауда министрі ет бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

Сауда министрі ет бағасының қымбаттау себебін түсіндірді

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның кейбір өңірлерінде ет бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстандық етке көршілес мемлекеттер тарапынан жоғары сұраныс сақталып отыр, бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етуде. Бұған қоса, жем, астық, құрамажем және шөп бағасының өсуіне байланысты ет өндірісінің өзіндік құны да артқан.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында министрлік ірі сауда желілерімен келісімшарттар жасалғанын мәлімдеді. Соның арқасында сиыр етінің (лопатка-кеуде бөлігі, сүйегімен) бір келісі 2 590 теңге көлемінде бекітілген бағамен сатылуда.

EnergyProm дерегінше, осы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың ет пен ет өнімдерін тұтыну деңгейі жан басына шаққанда орта есеппен 20,6 келге тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артық. Арман Шаққалиев ет бағасының өсуін растады.

«Мұнда екі фактор бар. Біріншісі – бұл жаһандық проблема, оны мен бұған дейін де айттым. Бұл әлемдік ірі өндірушілер – Бразилия, Аргентина секілді елдердегі көлемдердің өзгеруіне байланысты. Екіншісі – бүгінде көршілес елдерде еттің бағасы әлдеқайда жоғары, сондықтан өнім сол жаққа көптеп кетуде, үлкен нарықтық сұраныс бар. Біз, министрлік ретінде, бұл жағдайды бақылап, бірқатар шараларды, соның ішінде сыртқы саудаға қатысты бастамаларды қолға алдық, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін», – деді ол Үкіметтегі брифингте.

Журналистер министрден: «Осы тенденцияға байланысты қазақстандықтар неге дайын болуы керек?» – деп сұрады.

Шаққалиевтің айтуынша, негізгі мақсат – ай сайынғы баға өсімін 0,4 пайыздан асырмау.

«Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бағаны тікелей бұйырып бекіте алмаймыз. Бірақ біз осы шекте ұстап тұру үшін, қай жерде, қашан тауарлық интервенция жасау қажет болса, соны анықтап, дүрлігуді басып отырамыз. (…) Ең бастысы, нарықта ет болады. Иә, баға әртүрлі болады: бірде жұмсақ ет, бірде жауырын-кеуде бөлігі және т.б.», – деп жауап берді министр.

Фото: atr.kz