Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен жергілікті тұрғын өз үйінде ұйымдастырған жасырын фитозертхананы анықтады.
Жедел іздестіру шаралары барысында жеке тұрғын үйдің ауласынан ерекше иісі бар өсімдік бұталары, сондай-ақ оларды үй жағдайында өсіруге арналған арнайы құрылғы-құралдар табылды. Өсімдіктер қора-жайларда, гаражда және тіпті моншада өсірілген.
«Сараптама нәтижесінде тәркіленген өсімдіктердің қарасора екені анықталды. Медициналық куәландыру үй иесінің каннабиноидтарды қолданғанын көрсетті. Күдікті есірткі заттарын өзі тұтынуы үшін сақтаған. Оның үстінен құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді ірі көлемде заңсыз өсіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңнама бойынша, бұл қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – делінеді облыстық ПД баспасөз қызметі хабарламасында.
Полиция өкілдері биыл облыс аумағында осымен жетінші фитозертхана әшкере болып отырғанын айтты. Құқық қорғау органдары тұрғындарды осыған ұқсас күмәнді жағдайлар туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.
