Ерлі-зайыпты алаяқтар 34 адамды несие алуға көндірген

Ерлі-зайыпты алаяқтар 34 адамды несие алуға көндірген

Залал көлемі екі жүз миллион теңгеден асады. Осынша адамды алдаған сотталушылар өз кінәларын толық көлемде мойындамайтындарын айтады. Тобыл қаласындағы Қостанай ауданаралық сотында алаяқтық бойынша ерлі-зайыпты Ромашкиндерге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бүгін, тамыздың алтысы күні алғашқы сот отырысы өтті.

Мемлекеттік айыптаушы бір сағаттан аса уақыт айыптау актісін оқыды. Оған сүйенер болсақ, оқиға 2023 жылдың 3 желтоқсанында басталған. Сотталушы Ольга Ромашкина үшінші желтоқсан күні сағат кешкі 17:00 шамасында Фияльчук А.В атты жәбірленушіге жолығып, шетелден сатып алынған екі көлікті кедендік ресімдеу үшін шұғыл ақша керек екенін айтып, одан қаржылық көмек сұрайды. Осылайша жәбірленушіні «Kaspi Bank» АҚ 1 000 000 теңге несие алуға көндіреді. Ақшаны қолма-қол алған соң, сотталушы қаржыны қайтармаған. Бір миллион теңге алдыртқанымен қоймай, 6 желтоқсан күні Садовое ауылында Ромашкина Ольга Фияльчук А.В.-дан тағы да ақша сұрап, оған 500 000 теңге несие алдыртқан. Ақшаны өзі көрсеткен реквизиттерге аудартып алады. Жалпы шығын көлемі 1,5 млн теңге. Екі арада азаматтық-құқықтық қатынастар туралы қолхат жасалған.

«2023 жылғы 11 желтоқсан, сағат 20:30 шамасында Ромашкина О.А. Қостанай ауданы, Садчиков ауылындағы Овсеенко А.Д.-нің үйіне келіп, шоттарындағы бұғатты шешу үшін 700 000 теңге қажет екенін айтады. Ол жәбірленушіні «Kaspi Bank» АҚ-дан несие алуға көндіріп, ақшаны өзі айтқан шотқа аудартады. Жалпы шығын 700 000 теңге», – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы.

Ал өткен жылдың 20 наурызында Ромашкина Ольга Қостанай қаласында жүрген кезде өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыруды жалғастырып, өз әрекетінің қоғамдық қауіпті сипатын түсіне отыра А.Д. Коряковскийден қаржылай көмек сұрайды. Бұғаттағы шоттарын шешу қажет деген сылтаумен несие алып беруін өтінеді. Сөзіне сенген жәбірленуші келісіп, «Халық банкі» АҚ 2 000 000 теңге, «Форт банк» АҚ-да 4 254 130 теңге және «Жусан банк» АҚ 2 930 924 теңге несие алып, қолма-қол сол жерде Ромашкинаның қолына ұстатады. Осылайша жәбірленушіге 9 185 054 теңге шығын келтірген.
Осылайша түрлі сылтаумен сотталушылар 34 адамды алдап, аттарынан несие рәсімдеткен. Осыған дейін сотталушылардың біресе өздері келмей қалуына байланысты, екінші қорғаушыларының келмеуіне орай сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Осы жолғы сот отырысында алты жәбірленушіден жауап алынды.

«Бұл отбасымен жақын араласпасақта, бұрынан таныспыз. Сиырдың сүтін сататын, біз осылардан алатын едік. Қандай да бір кәсіпті дамыту үшін деп несие алғызды. Түсінгенімше, шаруашылықты кеңейтуге байланысты. Сиыр сатып алам дегендей қылды. Менің үйіме келді. Несие алуға көндіріп, артынша 1 млн теңгені мақұлдаған соң өзі айтқан шот нөмірге аудардым. Біраз уақыт өткен соң тағы да несие алып берші деп келді. Мен бас тарттым. Алғашқы несие бойынша қолхат та жазып берген. Өзім төлеп отырам деген соң сендім. Бір жылға жуық уақыт төлеп, артынша төлемей қойды», – дейді жәбірленуші.

blank

«Ай сайын қанша мың теңге төлем есептелді», – деп сұрады сот Серік Айбасов.

Жәбірленуші нақты есінде жоқ екенін жеткізді. Себебі сотталушы ақшаны алғанда бір айдың ішінде толық көлемде жауып беремін деп айтқан.
Сотталушылар көп жылдан бері сиыр ұстап, сүтін сатып келген. Олардың тұрақты клиенттері де болған. Қостанай қаласындағы 8 шағын ауданда шағын кәсіптерін айналдырып келген.

«Қостанай қаласында, 8-шағын ауданда тұрамын. Ромашкиндерді шамамен 10 жылдай танимын. Олар біздің дүкеннің қасында сүт өнімдерін сататын. Бір күні сүт алуға келгенде Ольга Ромашкина мені тасаға шақырып алып, ақша керектігін айтты. Ол кезде менің депозитімді 1 млн теңге бар еді. Мен ол сұраған қаржы тым көп болғандықтан, менің ақшам көмектеспейтінін жеткіздім. Оның үстіне жұмыссыз едім, әрі қолымда науқас анам бар екенін жеткіздім. Ол инсульттан кейін төсек тартып жақан еді. Мен саған бұл ақшаны қарызға бере алмаймын дегенімде, ол: «Түсінші, мен саған қолхат жазып беремін, тіпті үстіне қосып беремін» деп сендірді. Біздің үйге барғанда, ол депозитімдегі ақшаны алып, сосын тағы да 1 млн теңге несие алып беруге үгіттеді. Мақұлдайды ма екен деп тіпті тексерді. Мақұлдаған соң несиені шешіп алуға «Березка» дүкеніндегі терминалға бардық. Депозитімдегі ақшаны өзінің күйеуінің атына аудартып алды. Мен сендер үшін несиені төлемеймін, сондықтан айдың басында маған 45 145 теңге төлейсіңдер деп бірден айттым. Ол келісті. Осылайша 8 ай бойына ақшамды ала алмай келемін», – деді жәбірленуші.

Жәбірленуші 8 ай бойына несиені өзі жауып келген. Қаңтар айында анасы қайтыс болғанда, жерлеу рәсіміне деп 500 мың теңге сұраған. Алайда қайыр болмаған. Жәбірленуші олар менің анамның ауруынан, тіпті оның өлімінен аттап кетті деп күйінді. Кейін телефон қоңырауларына мүлдем жауап бермей қойған.

Тағы бір жәбірленуші Виталия Ромашкиннің әріптесі екен. Келіншегін аз-кем таниды. Ал Виталиймен жұмыста жиі көрісетін. 2023 жылдың күз кезінде Виталий Ромашкин әріптесіне хабарласып, несие алып беруін өтінген. Он күннің ішінде жауып беремін деп сендірген. Жәбірленуші басында бас тартқан. Ол кезде ондай қаржы болмаған, ал несие дегеннен жәбірленуші бойын алшақ ұстап жүретін.

«Мен одан бас тарттым, бірақ ол бірнеше күн бойы маған қоңырау шалуды тоқтатпады. Жұмыс басында, түскі үзілісте келе берді. Мен сыртқа шықсам, ол мені аңдып жүрді. Мен солай деп ойлаймын. Оларды жақсы жағынан білетінмін. Еңбекқор екенін, үлкен шаруашылығы бар екенін білетінмін. Жұмыста жүргенде, біз сөйлесіп, әңгімелесіп тұратынбыз. Сондықтан олар маған қайтармайды деген күмәнім болған жоқ. Ақырында «Kaspi Bank» АҚ арқылы 1 млн теңге несие алып бердім. Ол мен тұрған жерге бірден келіп, «Солнечный» супермаркетіне бардық. Қолма-қол ақшаны алып, оған бердім. Бұл бірінші эпизод еді. Әріптес болған соң әрине, ешқандай қолхатсыз, ештеңе жазбадық. Ол 10-15 күнде, ең көп дегенде бір айда қайтаруға уәде берді. Бір ай өткенде, мен Виталийге қоңырау шалып, жаза бастадым. «Виталий, қарызды қайтару қалай? Сен уәде бергеніңе біраз болды ғой?». Ол: «Қазір ай сайынғы пайызын өзім төлеймін, аз-кем күте тұршы, менде жөнді жұмыстың қисыны келмей жатыр» деді. Мен оның жағдайына ендім, бұл туралы үндемедім, бірақ төлемдерді ол жасап отырды, маған «Каспий» шотыма аударатын, мен несиені оның ақшасымен өзім төлеп отырдым. Бұл шамамен 6-7 айға созылды, яғни несие ай сайын кешіктірілмей төленіп отырды», – дейді жәбірленуші.

Одан кейін өткен жылдың маусым айының соңында Виталий тағы да 7 млн теңге несие алып берші деп хабарласқан. Жәбірленуші біріншісін қайтармай жатып, ұяттарың жоқ па деп жекіп тастаған.

«Жалпы, содан кейін қандай да бір қысым көрсету басталды. Олар мені үнемі аңдып жүрді. Менің саяжайыма да келді. Мен түскі үзілісте саяжайға көлікпен бақшама су құюға баратынмын. Олар сол жерге дейін келіп, мен жұмысқа қайтатын уақыт болғанша есіктің алдында тұрды. Мен жасырына алмадым, есікті әдейі ашпадым, өйткені олар екеуі бірге мені көндіреді деп білдім. Ақыры, әрине, аштым, олар екеуі мені несие алуға көндірді. Менде тіпті бұл банктердің қосымшалары жоқ еді. Мен сол саяжайда «Форте-Банктің» қосымшасын жүктеп, біз өтінім бердік. Маған мақұлданған ең жоғары сома 6 301 000 теңгеге. Несие мақұлданды, болды. Мен оларға: «Болды, мақұлданды», – дедім. Оларға сендім. Олар: «Біз нотариалды қолхат жасаймыз, уайымдама, бәрі жақсы болады, бәрін төлейміз», – деді. Біз «Фортебанкке» бардық. Терминал арқылы ақшаны қолма-қол алдық. Сол жерде мен ақшаны пакетке салып бердім. Яғни, ол ұстап тұрды, бірақ мен нотариусқа барар жолда бердім. Нотариусқа барар жолда Ольга Ромашкина «Маған тағы Алматыға билетке ақша керек. Өтінемін, тағы бес жүз мың, Каспийден, саған мақұлдайды ғой», – деді. Менде онда несие болған жоқ. Мен: «Оля, болды, жеткілікті, жеткілікті», – дедім. Бірақ ол мені қайтадан көндірді, мен сендім және нотариусқа барар жолда тағы да бес жүз мың теңге рәсімдедім. Ол бірнеше минут ішінде мақұлданды. Біз нотариустың кезегін күтіп тұрғанда ақшаны мен Оляның айтуы бойынша оның қызының «Каспий» шотына аудардым. Нөмірін, жалпы бәрі сақталып қалды, нақты нөмірін білмеймін. Сөйтіп, біз осы екі несиені рәсімдеп, олар мені қайтадан жұмысыма апарды. Бір ай өтті. Қарыз туралы келісімде біз олардың барлық соманы бір ай ішінде қайтаратынын көрсеттік. Олар маған жолда: «Біз саған бес жүз мың емес, миллион береміз», – деді. Бұл олардың сөздері, яғни мен ештеңе сұраған жоқпын. Екі банктен алған жалпы сома 500 мың және 6 300 000 болды, яғни 6 800 000 мен оларға бердім. Қарыз шартын біз 7 800 000 теңгеге рәсімдедік. Бұл олардың шешімі болды. Маған үлкен соманы қайтару үшін. Олар маған 2024 жылдың 3 тамызға дейін қайтаруы керек еді. Бір ай өтті. Мен Виталийге қоңырау шалып: «Жағдай қалай? Ақшаны қашан қайтарасыңдар?», – деп сұрадым. Ол: «Ольга Алматыда, аздап күте тұр, болды. Бірақ несиені біз жабамыз. Ай сайынғы төлемдерді біз «Каспий банкте» де, «Фортеде» де төлейміз», – деп жауап берді. Бұл сегіз ай бойы жалғасты. Сегіз ай бойы олар әр айдың үшінші жұлдызында төлемдерді өздері жасайтын. Яғни, кейде маған «Каспийге» аударатын, егер «Каспий» несиесі болса, ал «Фортені» олар тікелей терминал арқылы төлеп, маған дайын чекті сол күні төлеммен бірге жіберетін. Сондықтан менде сұрақтар болған жоқ. 2025 жылғы сәуірдің соңында, бұл 27-28-і сияқты, солай, келесі несие төлейтін күн жақындағанда, маған ІІБ-дан қоңырау шалды, тергеуші, есімде жоқ. Ол менен Ромашкиндерді танитын-танымайтынымды сұрады. Мен бұл туралы үйдегілердің ешқайсысы білмегендіктен, сыртқа шығып кеттім. Мен ешкімге айтқан жоқпын, өйткені бәрі тез шешіліп, ешкімге ештеңе түсіндірудің қажеті болмайды деп үміттендім. Сонымен, мен сыртқа шығып, тергеушімен сөйлестім. Ол мені тергеуге келсін деді. Мен бірден бармадым, Виталийге жазып, қоңырау шалып, жағдайды анықтауға тырыстым. Ең бірінші кезекте, оны мені шақырып жатқаны туралы хабардар етуді шештім. Сол кезде мен болып жатқан оқиға туралы мүлдем ештеңе білмедім. Мен қоңырау шалсам, оның телефоны өшірулі, ал Ольганың нөмірі сол кезде менде болған жоқ. Виталийге дауыстық хабарламалар жаздым, бармай тұрды. Алдағы төлемнен қорқтым, себебі менде ондай көп ақша жоқ болды. Біріншіден, мен 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Аймақта» қысқартуға ілініп, мемлекеттік қамтамасыз етуде болдым, жарты жыл бойы тек мемлекеттік жәрдемақы алдым. Сондықтан, сол кезде менде ондай ақша болмады және мен өзім төлей алмайтынымды білдім», – дейді жәбірленуші.

blankАқырында жәбірленуші ІІБ мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін барған. Тергеушілердің сөзінен жәбірленушілердің саны сол кезде 15-18 адамнан асып кеткенін білгенде, есеңгіреп қалған. Сол кезде барып жәбірленушілердің қатарында екенін білген.

«Олар маған: «Сен оларға қоңырау шала алмайсың, өйткені телефонын кеше тәркіледік», – деп түсіндірді. Мен басқа нөмірлерді, мекенжайды да білмеймін. Әрине, жұмыс арқылы білуге болады, бірақ ол жерге барып, іздеп, сөйлесу мүмкіндігін елестете алмадым. Кейін барып, арыз жазуды шештім, оларға қылмыстық іс қозғалады деген фактінің өзі оларды қорқытады деп ойладым. Бұрын мен ешқандай сотқа немесе басқа жерге өз бетімше жүгінген жоқпын. Бірнеше күннен кейін таңертең Ромашкиндер келіп тұр. Мен олардың менің үстімнен арыз жазғанымды немесе жазбағанымды білуге келгенін түсіндім. Мен арыз жазғанымды айттым. Олар маған: «Неге жаздың, біз төлеп отырдық қой?», – деді. Мен: «Төлеп отырғандарыңды түсінемін, бірақ Виталий, мен саған жаздым, қоңырау шалдым. Мен ескерткім келді, жағдайдың не екенін сұрағым келді. Мұның бәрі осылай болады деп ойлаған жоқпын», – дедім. Сонда Виталий маған: «Бар, құжат ал да, банктен бөліп төлеуге рұқсат сұра. Біз енді төлемейміз. Сен біздің үстімізден арыз жаздың ғой», – деді», – дейді жәбірленуші.

Артынша құжаттарды алып жәбірленуші «Фортебанкке» барып кейінге қалдыруды сұраған. Ал «Каспий банктегі» несиені өзі әлі күнге дейін төлеп келеді.
Сот жәбірленушілерді 5-6 адамнан шақырып отырады. Жәбірленушілерден жауап алу әлі аяқталған жоқ. Жауап берген жәбірленушілердің сөзінше, сотталушылар бірнешеуіне бір сылтауды айтып несие алдыртқан.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор

Иллюстрация: old.aqmeshit-aptalygy.kz