Менің Ғайша жеңешем осылай ғана суреттеуге лайық жан еді. Мінезі томаға тұйық емес, ақжарқын болатын. Қақ-соқпен шаруасы жоқ, артық әңгімеге әуес емес, не айтса да нақ айтатын, ағайын-туысқа бауырмал, ұнамаған шаруасын бетіне тура айтып салатын, ішіне бүгіп қалмайтын еді. Ағайынның қуанышы мен қайғысына ортақтасып, шаруаларын реттеуге бел шешіп кірісіп кететін.
Мына төмендегі айтылатын көрініс мәңгі менің есімде қалды. Жаз ортасы. Ол кезде біз әулиекөлде тұрдық. Әкем имам болып істейтін. Түс кезінде әкем, әжем үшеуміз шәй ішіп отырғанбыз. Бір кезде үйге Әнуар ағай мен Кәрімжан ағай екеуі кіріп келді. «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, әкемнің қолын алып, төрге озды.
– Алматыдан жазғы каникулға келе жатырмыз. Сізге сәлем беру үшін соқтық, үшеу болып келе жатырмыз, – деді Әнуар ағам.
Әкем жағдайды тез түсіне қойды да, әжеме:
– Тұр, келін бар екен ғой, алдынан шығып үйге кіргіз, – деді.
Табан астында не болғанын мен де түсінбей қалдым. Бір кезде әжем басына шәлі салған жас қызды үйге алып кірді. Жас келін сәлем салып жатыр. Әкем «бақытты бол қарағым, қадамың құтты болсын» деп батасын берді. Мен жас келінді қызық көріп жүрмін. Әжем шашу шашты. Маған керегі кәмпит қой. Шашуды жинап алып, қалтам толғанша салып алдым. Содан шәйді қайта демдеп, қазанға ет салынды. Не керек, кішігірім той жасалды. Кешке әкем маған:
«сен бүгін қатты ұйықтама, сергек бол, мына жеңгеңнің аяғы ауыр екен, әрі күні де жақын болуы керек. Киімдеріңді бас жағыңа жинақтап қой. Егер жеңгең қысыла қалса, бәлнеске барып, дәрігерді шақырып келесің», – деді.
Аурухана біздің үйден алыс, шамамен төрт шақырымдай жер. Мен төртінші сыныпқа көшкен он жасар баламын. Түн ішінде ме менің өзіме жаныма серік адам керек. Әкем айтқасын амал жоқ, орындау керек. Түн ішінде жападан жалғыз, мені неге жұмсағысы келді екен, қорқатынымды білмей ме екен? Есейе келе түсінгенім: әкем мені қолғанат, азамат деп санаған екен-ау. Түнде қалай жалғыз бәлнеске барамын деп қорқып жатып, ұйықтап кетіппін. (Сенген азаматтың түрі ғой). Таңертең тұрсам күн жарқырап тұр, бәрі шәй ішіп отыр.
«Жеңгең дін аман, тұр шәйіңді іш», – деді Кәрімжан ағам.
Ол кезде ұшақ ұшпайды. Әкем автобазаға барып, Торғайға ағаш апара жатқан машинаға Әнуар аға, Кәрімжан аға, Ғайша жеңешем үшеуін салып жіберді. Сондай қызық көрініс есімде қалыпты. 1965 жылдары Кәрімжан ағай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас зоотехник болып, Торғайға көшіп келді. Сол жылы менің әжемнің де Шиліде аяғы сынып, Торғайға алып келген. Тұяқбай ағайдың үйінде жатты. Асқар Байжұманов ағайдың институт бітіріп келген кезі ғой. Асқар ағай әжемнің сынған аяғын салып, бинтпен байлап, гипстеу керек болды. Маған аптекадан «гипс алып кел» деді. Содан әжемнің аяғына гипс салып, қатсын деп күтіп отырмыз, біраз күттік, гипс қататын емес. Әжем аяғымды ауыртып барады деп шыдамсызданды. Қаншама күтсек те гипс қатпады.
Тексере келгенде аптекадағылар гипстың орнына көптен жатқан, иісі жоқ дуст беріп жіберіпті. Дуст әжемнің аяғын қып-қызыл қылып жеп қойыпты. Аптекаға қайта барып, гипс алып келдім. Содан әжем сол үйде 15-20 күндей жатты. Ақшолпан әжем керемет адам еді ғой. Әжемді балаша бақты. Бір күні қақпадан бір кемпір дауыс қылып кіріп келді. Не болды деп шошып кеттік. Қарасақ, Кәрімжан ағайдың шешесі Шарипа әжем екен. Келе сала көрісіп, дауыс қылып жылап жатыр. Не болды десек, әкем жеңгесі Шарипа әжемнің үйіне барған ғой. Сосын оған ұрсыпты, «менің кемпірімнің аяғы сынып жатыр, барып көңілін де сұрамадың» деп. Содан Шарипа әжем тұра жүгіріп ентігіп келген беті екен. Не деген сыйластық! Қазіргі әйелдер болса, ертең барармын деп отыра берер еді. Өткен-кеткен әңгімелер еске түсіп, негізгі мәселеден ауытқып кеттім-ау деймін. 1984 жылы Алланың жазуымен өзім оқып білім алған Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебіне директор болып тағайындалдым. Ол ауданда ғана емес, республикаға белгілі қарашаңырақ мектеп. Мектепте мыңнан артық бала оқиды, 63 мұғалім сабақ береді.
Алғашында қиын болды. Өзімді оқытып, білім берген ұстаздарыма басшылық ету, әрине, оңай емес. Кілең сен тұр, мен атайын деген ұстаздар. Балдай, Кәбира, Базаркүл, Ғайша, Раушан апа-жеңгелерім, Жүсіп, Саламат, Қонақбай, Ғалымбек ағайлардың өзі неге тұрады. Мені тағайындарда қызық болды. Арқалықтан машинаммен келе жатыр едім, Торғайға кірер қақпада полиция тоқтатты.
«Сізді Жүнісов жолдас күтіп отыр, соға барыңыз», – деді.
Сапабек Жүнісов аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, жездеміз әрі маған сабақ берген, сынып жетекшім болған. Не болып қалды деп ойланып барсам,
«солай да солай, сені Торғай қазақ орта мектебіне директорлыққа ұсынамыз», – демесі бар ма.
(Алдында Сужарған мектебіне директор болып барасың деген). Бірден бас тарттым. Үлкен мектеп әрі ұстаздарым, оларға қалай басшылық жасаймын дедім. Онда жүр, бірінші хатшы Айсинге барамыз деді. Айдап отырып Айсиннің алдынан бірақ шықтық. Кірген бетте Сапабек ағай бірден «Оспанов келісті» деді. Мен не дерімді білмей қалдым. Өтірік айтады деуге аузым бармады. «Олай болса, іске сәт! Еңбегің жемісті болсын», – деді. Сонымен не керек, қарашаңырақ үлкен мектептен бірақ шықтым. Директор деген лауазымым бар ғой, өзімді нық ұстауға тырыстым. Кабинетте отыр едім, Ғайша жеңешем кіріп келді. Келген бетте құттықтап, «өзіңді мығым ұста, айтатын сөзіңді талдап барып айт, артық әңгіме айтпа, сабырлы бол, жүрексінбе» деп ақылын айтып жатыр.
Жеңешем көрген сайын «қалайсың?» деп қояды. Етім үйренген соң мұғалімдерге тік қарайтын болдым. Ұстаздарым да менің қиналып жүргенімді байқаса керек, айтқанға көнді, сөзіме қарсы келген емес. Сөйтіп Ғайша жеңешеммен төрт жылдай бірге жұмыс істедім де күзде райкомға нұсқаушылыққа ауысып кеттім. Сол төрт жылда Ғайша жеңешемнің ақылы маған көп көмегін тигізді. Бәрін айт та бірін айт дегендей, сол ақылгөй жеңгем бұл өмірде жоқ дегенге сену қиын. Молдалар айтқандай, Алла өзі берді өзі алды, бізден сұрамады. Өмірден небір жақсылар мен жайсаңдар өткен ғой. Ғайша жеңешем де бала-шағасын, отбасын тастап, бақилыққа аттанып кете барды. Алланың жазуы солай болды. Кәрімжан ағамыз бастаған отбасы Сапаркүл, Сапарғали, Бибігүл бауырларым Ғайша жеңешемізді еске алып, дұға жасатып, ас бергелі жатыр. Оқытқан дұғасы, берген асы мен садақалары қабыл болсын!
Бір Алла рахматының молын берсін
Сусынға кәуіс-кәусар суын берсін.
Дұғасын көпшіліктің қабыл етіп
Ғайша жеңгемізге жәннаттан мәңгі орын берсін!
Алла көпшіліктің тілегін қабыл етсін. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай:
«Су сұрасам сүт берген айран берген
Бақилық боп кеттің-ау қайран жеңгем». Ғайша жеңгемнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Шығыстан келіп, топырақ Арқадан бұйырды ғой. Қасиетті топырақты жамылып, мәңгі тынышталып жата бер, қайран жеңгем.
Сұлтанғали ОСПАНОВ
