«QazaqGaz» ұлттық компаниясы 25 жылдығын атап өтті

«QazaqGaz» ұлттық компаниясы 25 жылдығын атап өтті

Қазақстандағы газ саласының көшбасшысы саналатын  «QazaqGaz» ұлттық компаниясы биыл өз қызметінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатқа ие болып жатыр.

Айта кетерлігі, бұл – ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген, кәсіби шеберлік пен адалдықты ту еткен азаматтардың ортақ мерекесі.

Қостанайдағы мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов қатысып, сала мамандарын айтулы күнмен құттықтады.

blank

«Бұл – білімді де білікті, өз ісіне адал адамдардың мерекесі. Газ саласы – ел экономикасы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды сала. Соңғы жылдары газдандыру көрсеткіші қарқынды өсіп келеді. Бүгінгі таңда облыс халқының 59,6 пайызы, соның ішінде қала тұрғындарының 77,1 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 31,3 пайызы газбен қамтылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артық», – деді Берік Таңжарықов.

Биыл облысты газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 3,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгенін атап өтті. Бұл қаржы Әулиекөл ауданының Диев, Құсмұрын селосын, Федоров ауданының Лесной және Березов ауылдарын газбен қамтамасыз етуге бағытталып жатыр.

blank

«Облыс әкімі газдандыру мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысынан тартылатын магистралды газ құбырының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл жоба жүзеге асса, облыс тағы бір маңызды газ көзімен қамтылатын болады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мерекелік шарада сөз алған «QazaqGaz»  ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әкбар Төлегенов те әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, компанияның жетістіктері мен алдағы жоспарларымен бөлісті.

blank

«Бұл – барлығымыздың ортақ мерекеміз. Компания 25 жыл ішінде тұрақтылықтың, сенімділіктің символына айналды. Біз – еліміздің болашағына үлес қосып отырған сала қызметкерлеріміз. Ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен жастардың тың идеяларының үндестігі компанияны жаңа биіктерге бастайтынына сенімдімін, – деді Әкбар Төлегенов.

Атап өткендей, бүгінде Ақтөбеден бастау алып, Қостанайға дейін тартылатын ірі магистралды газ құбырының құжаттары әзірленіп жатыр. Жобаны жақын арада іске қосу жоспарланып отыр.

blank blank

Мерекелік жиын барысында газ саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мамандар түрлі марапаттарға ие болды.

blank

blank blank blank blank

Олардың арасында Үміткүл Әбдіқалықова да бар. Ол Б. Майлин ауданындағы Николаев ГРС-інде 16 жыл бойы операторлық қызметті мүлтіксіз атқарып келеді.

blank

Үміткүл Тоқтамысқызы ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

«Газ саласында қызмет етіп келе жатқаныма 16 жыл болды. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Еңбегіміздің еленіп, ел игілігіне қызмет етіп жатқанымызға қуаныштымын. Марапат – ұжым еңбегінің жемісі деп білемін», – деді Үміткүл Әбдіқалықова.

Иә, газ саласындағы жетістіктер –  компанияның тұтас ел дамуына қосылған үлесі. Газдандыру – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Алда тұрған міндеттер ауқымды. Дегенмен, кәсіби мамандар мен заманауи жобалардың арқасында бұл мақсаттарға жету – уақыт еншісіндегі іс.

Айбек ЖҮЗБАЙ