Бүгін Қостанай облысының құрметті азаматы, майдангер, айтыскер ақын, жыршы-термеші, журналист Қасымхан Алдабергенұлы 100 жасқа толды!
Қастерлі мерейтойға орай ардагерді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Қырмызы Жаңбыршина, Халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының басшысы Дамир Қалқаев, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы арнайы құттықтап барды. Сондай-ақ №28 мектептің оқушылары ақ тілегін арнап, ардагерге құрмет көрсетті.



Қасымхан Алдабергенұлының өмір жолы – нағыз өнеге мектебі.
▪️ 1943 жылы майданға аттанып, 2 және 3-ші Украина майдандарында шайқасты. Венгрия, Австрия, Чехословакияны азат етуге қатысып, Жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алды.
▪️ Соғыстан кейінгі ғұмырын ұстаздыққа арнап, мәдениет саласында да табанды еңбек етті.
▪️ Ақындар айтысында өңір намысын қорғап, бірнеше жыр додаларына қатысты. Оның орындаған жырлары қазақ телевизиясының алтын қорында сақтаулы.
▪️ «Қостанай таңы» газетінде ұзақ жылдар еңбек етіп, кейін «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды.
Ол – «Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Қостанай облысының құрметті азаматы» атағымен және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған ардақты тұлға.
Майдангер құттықтап барған баршаға ақ батасын беріп, өзі жиырма жылдан артық қызмет еткен «Қостанай таңы» газетінің бүгінгі аяқ алысына ризашылығын білдірді.
Қасымхан атаға зор денсаулық, амандық тілейміз! Ел игілігіне сіңірген еңбегіңіз ұрпаққа мәңгі өнеге болып қала береді.
Суреттерді түсірген – Диана Алмасқызы
