Қостанайда шошқа дауы ушықты Фото: kk.wikipedia.org

Қостанайда шошқа дауы ушықты

Қостанай қаласында көп қабатты тұрғын үйлермен қатар жер үйлер де жеткілікті. Сол жер үйлерде шошқа өсіріп, қой-ешкі бағатын, құс ұстайтын адамдар бар. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Қалада тұрып мал, құс ұстағанымыз қаншалықты заңды? Көрші-қолаң не дейді? Осындай сауалдар дүйсенбі күні қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында талқыланды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тұрғындар тарапынан түсетін «жер үйде шошқа ұстайды, қолаңса иісі маңайды сасытуда» деген мазмұндағы шағымдар жилепті. Аталмыш басқарманың басшысы Әріп Меңдекиновтың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал саласындағы ҚР заңнамасын бұзуға қатысты 183 адамнан шағым түскен. Былтыр 165 қостанайлық арыз жазған көрінеді. Екі жылдың нәтижесі осындай. Биыл мекемеге келіп түскен хаттардың 34,4%-і (63 шағым) тұрғын үй-коммуналдық саласына қатысты.

«Қала ішінде, жер үйлер аумағында құс, жануар, соның ішінде жылқы, шошқа, қой ұстауға және өсіруге қатысты шағымдар жиі кездеседі. 2025 жылдың 9 айында көршілерінің осындай іс-әрекетіне қарсылық танытқан 6 адам бізге өтініш жазды. Келіп түскен өтініштерді құзыретті мекемелер, қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне және ветеринарлық бақылау және қадағалау Комитетінің аумақтық инспекциясына жолдадық», – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әріп Меңдекинов.

Жан-жануарларға арналған нысандардан шығатын жағымсыз иіс желді күні қала ішіне түгел таралады. Қостанайлықтар оған да алаңдаулы. Осы тақылеттес сауал туындаса тұрғындар көбінесе жергілікті полиция қызметіне жүгінетін көрінеді. Қолаңса иіске қатысты, әсіресе, Сьянов және Қозыбаев көшелерінің тұрғындары жиі шағымданатын көрінеді.

Өйткені, дәл осы көшедегі үйлердің бірінде, бәлкім бірнешеуінде шошқа және тағы да басқа жануарларды қолда ұстайды екен. Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Елнұр Алтаев «бұл шаруамен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары айналысуы тиіс. Біздің құзыретімізге жатпайды. Десек те мұндай шағымдар бізге жиі келіп түседі» деп ақталды.

Сонымен қатар, даладан қоқыс тасып, көпқабатты тұрғын үйдегі пәтеріне жинайтын ата-әжелер де бар болып шықты. Қоғамдық тәртіп сақшысы Елнұр Алтаевтың айтуынша, әкімдік маңында дәл сондай бір әжей бар екен.

Ол кісі даладан тапқан қалдықтың бәрін үйіне тасиды. Артынша пәтері сасып, көршілерін әуреге салады. Полицейлер бөтен үйге баса көктеп кіріп, санитарлық талапты тексеруге біздің қақымыз жоқ дейді. Бұл жұмыс санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ұйымдарына тиесілі.

Қала әкімі Марат Жүндібаев мұндай мәселемен полиция қызметі айналыспайтынын тағы да баса айтты. Өйткені, тәртіп сақшыларының онсыз да жұмыстары жетерлік.

«Тұрғындардың шағымы орынды. Жағымсыз иістің таралуы санитарлық талапқа сай емес. Ауру таралуы мүмкін. Бұл жағдайдың шешімін табайық. Облыстық әкімдік немесе мәслихат депутаттарымен кеңесіп, мәселені біржақты етейік», – деген қала әкімі Марат Жүндібаев пәтерлердегі антисанитарлық жағдайға қатысты түйткілдің түйінін тарқатуды орынбасары Мәжит Шүленовке тапсырды.

Қалалық жерде мал ұстап, шошқа тағалаудың қаншалықты орынды екені де алдағы уақытта анықталмақ. Шаһар басшысы бұл мәселені қала әкімдігінің заң бөліміне тапсырды.

«Қонай» шағын ауданының бұрынғы, ескі бөлігі де қалаға жатады. Бірақ ол жерде де мал ұстайды. Оған түсіністікпен қарауға болады. Ал қаланың орталығында тұрып шошқа бағу деген қаншалықты заңды? Оған көршілер шағымданбағанда не істесін? Қостанай-2 шағынауданы ауыл кейпіне түскенін әлдеқашан айтқанмын. Бұл жағдайды ойласу керек», – деді қала әкімі.

Көшелерде топтасып жүретін иесіз иттердің әлегі бөлек әңгіме. Бұл тақырыпты жылы жауып, алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

Қымбат ДОСЖАНОВА