Шаруалар айыппұлға батамыз деп алаңдаулы Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Шаруалар айыппұлға батамыз деп алаңдаулы

Соңғы айларда шаруаларға жер қатынастары бөлімдерінен жаппай ескертулер келе бастаған. Мамандар кәсіпорындардың «шаруашылық ішіндегі жер пайдалану жобасын» тексермекші. Халық арасында оны қысқаша «внутрихоз» деп атайды. Бұл құжат жоқ болса, фермерлерге айыппұл салынады. Ал кей жағдайда жерден айырылып қалу қаупі де бар.

 

«2 миллион төледік…»

Шаруалардың ашуын туғызғаны – талаптың кенеттен күшеюі. «Отыз жыл бойы ешкім бұл құжатты сұраған жоқ. Енді аяқ астынан бәріне міндеттеп жатыр», – дейді өңірдегі шаруашылық басшылары.

Астық өндірушілердің айтуынша, ең үлкен мәселе – құжатты әзірлеу құны.

Кей шаруашылықтар «внутрихоз» жасау үшін миллиондап ақша жұмсаған. Жиында сөз алған фермерлердің бірі тіпті 2 миллион теңге төлегенін айтты. Алайда олардың пікірінше, жаңа құжаттың басым бөлігі бұрыннан бар материалдардың көшірмесі ғана.

Өйткені әрбір шаруа жер алған кезде шекарасын рәсімдейді, кадастрлық картасы болады, егіс құрылымын жыл сайын тапсырады, субсидия алу үшін ауыспалы егісті көрсетіп келеді. Яғни, бұл құжаттарды өздері де бір папкаға жинақтап тапсыруға болады. Бірақ заң талабы бойынша арнайы лицензиясы бар мамандандырылған компанияда жасатқызуға тиіс. Олар бұл еңбегіне миллиондаған қаржы сұрайды.

Неге талапты күшейтті?

Мемлекеттік органдар мұны жердің тозуымен байланыстырады. Қазір билік «жер игерілді ме?» деген сұрақтан «жер дұрыс пайдаланылып жатыр ма?» деген талапқа көшкен.

Мамандардың сөзінше, кей шаруашылықтар бір дақылды жыл сайын бір жерге еге береді. Әсіресе күнбағысты қайталай беру топырақ құнарын төмендетеді.

Сондықтан, енді ауыспалы егіс, жайылым айналымы, тыңайтқыш енгізу, жердің құнарын сақтау мәселесі қатаң бақыланады. Яғни «внутрихоз» жай қағаз емес, фермердің жермен қалай жұмыс істейтінін көрсететін құжатқа айналып отыр.

Айыппұл аз емес

Егер шаруашылықта бұл құжат болмаса, алғашында ескерту беріледі, кейін айыппұл салынады. Ірі шаруашылықтар үшін айыппұл 200 АЕК-ке дейін жетеді. Бұдан бөлек, жер салығы бірнеше есе көтерілуі мүмкін. Талап орындалмаса, жерді қайтарып алу мәселесі қаралады. Қостанай облысында мұндай жағдайлар қазірдің өзінде тіркелген.

Диқандардың басты талабы – процесті жеңілдету. Олардың айтуынша, құжатты міндетті түрде ақылы фирмаларға жасатудың қажеті жоқ. Көп фермер оны өздері-ақ дайындай алады. Енді билік өкілдері де олардың сөзіне құлақ аса бастағандай.

Осы тақырыпқа арналған жиында мемлекеттік органдар лицензия міндетті емес екенін, жобаны фермердің өзі де жасай алатынын, бастысы құжат талапқа сай болуы керектігін түсіндірді. Сонымен қатар жобаны облыс емес, аудандық жер қатынастары бөлімдері бекітуі мүмкін екені айтылды.

Бұл құжатты әзірлеу үшін білікті агрономдар қажет. Қазір олардың қағазбастылықпен отыруға уақыты жоқ, егістікте жүр.  Бүгінде ауылдағы басты әңгіме жанармай мен субсидия да емес, дәл осы «внутрихоз» мәселесі болып тұр. Өйткені орындамасаң – айыппұл төлейсің. Ал құжат жасатсаң – қомақты шығын. Шаруалар енді айыппұлдар астында қаламыз ба деп алаңдаулы.

ГҮЛЗАДА НҰРМАҒАНБЕТОВА