Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов кореялық инвесторлармен кездесіп, өңірде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге қатысқан KK Solutions, Sinchang және Entech IAE компаниялары көмірді газдандыру технологиясына негізделген өндіріс жобасын ұсынды. Жоба аясында жылына 57 мың тонна карбамид өндіру және 180 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Тараптар жобаның техникалық параметрлерін, іске асыру мерзімдерін, қаржыландыру көздерін және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.

Өңір басшысы Қостанай облысының экономикалық, өнеркәсіптік және логистикалық әлеуеті шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыратынын айтып өтті. Мәселен, 2025 жылы облыста жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы KІА зауыты ашылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар Seoyeon E-hwa компаниясымен бірлесіп автокомпоненттер өндіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның нәтижесінде 170-тен астам жұмыс орнын ашу көзделген.

Құмар Ақсақалов өңір экономикасын дамытуда заманауи технологияларды енгізу мен жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызы зор екенін айтып, ұсынылған инвестициялық жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Суреттерді түсірген – Әбіл ДОЩАНОВ
