Халық сенімі нақты іспен нығаяды Сурет ЖИ арқылы жасалған

Халық сенімі нақты іспен нығаяды

Биыл Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаны белгілі. Ендігі міндет – оның негізгі қағидаттарын халыққа түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірдегі маңызын көрсету. Соның ішінде азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу құқығына айрықша назар аударған жөн. Өйткені бұл – әр адамның өз ортасындағы мәселелерді көтеріп, елдің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды тетік.

Тұрғынды толғандыратын мәселелердің көбі күнделікті өмірімен тікелей байланысты: ауылдың жолы, ауызсу, қоғамдық көлік, мектеп пен медициналық көмектің қолжетімділігі. Мұндай түйткілдерді сол аумақта тұратын адамдардан артық ешкім біле бермейді.

Сондықтан азаматтардың өтінішіне жауап беру ғана жеткіліксіз. Ең маңыздысы – мәселенің қалай шешіліп жатқанын, қандай шешім қабылданғанын және оның нәтижесі қандай болғанын түсіндіру. Халықпен кездесу де есеп берумен шектелмей, ортақ шешім іздейтін алаңға айналғаны жөн.

Бұл ретте мәслихаттардың жұмысына айрықша мән беруге болады. Жергілікті бюджеттің қай бағытқа жұмсалатыны, даму бағдарламаларының қалай орындалатыны тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Демек, азаматтардың қоғамдық өмірге араласуы тек сайлау кезінде дауыс берумен шектелмеуі керек. Өз ауылының немесе қаласының болашағына қатысты ұсыныс айтуға, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға мүмкіндік болғаны маңызды.

Меніңше, Конституцияда бекітілген азаматтардың басқару ісіне қатысу құқығының шынайы мәні де осында. Адам өз пікірінің ескерілгенін, көтерген мәселесінің назардан тыс қалмағанын көргенде ғана мемлекеттік институттарға деген сенімі нығаяды. Ал мұндай сенім құрғақ уәдемен емес, ашықтықпен, жүйелі жұмыспен және нақты нәтижемен қалыптасады.

Әмір ҚОНЫСБАЕВ,
мемлекеттік қызмет ардагері
Арқалық қаласы