Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні – 2026» атты ауқымды интерактивті жобаны жоғары деңгейде өткізді. Іс-шара музейдің бейнелеу өнері бөлімінде ұйымдастырылды. Мәдени кешке Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысты.
Жобаның басты мақсаты – музейдің қоғам өміріндегі әлеуметтік-мәдени маңызын арттырып, тұрғындардың музейге деген қызығушылығын күшейту болды. Осы мақсатта ұйымдастырушылар қонақтарға мазмұнды әрі ерекше бағдарламалар ұсынды. Келушілер қызықты көрмелерді тамашалап, түрлі шығармашылық және танымдық алаңдарға қатысты.

Мұражайдың ғылыми хатшысы Нәзима Боташева: «Музей түні жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Музейдің әр залында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Жасанды интеллекттің көмегімен роботтарды көрсету, көне суреттерді жаңғырту сияқты жұмыстар көрсетіліп жатыр. Қала тұрғындары бұл күнді асыға күтті, үнемі сұрап қызығушылық танытып жатады. Бүгін біздің кәсіби мерекеміз, осыған орай барша әріптестерімді құттықтаймын», — дейді.

Кеш аясында «Шағын экзотариум» экзотикалық жануарлар көрмесі, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, «Қазақ бренд» ұлттық тағамдар көрмесі және Temir Tumen тарихи реконструкция клубы ұсынған қару-жарақ көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі С. Шалунованың «Палитра жизни» атты дербес көрмесі мен А.И. Никифоров атындағы көркемсурет мектебі оқушыларының «Көктем мен шығармашылық мерекесі» көрмесі өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара барысында заманауи технологиялар да кеңінен қолданылды. «Өткеннен кино» жобасы аясында қала өмірінен алынған тарихи фотосуреттер AI технологиясы арқылы жандандырылып көрсетілді. Ал «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде полиция департаменті қызметкерлері дайындаған «Көлеңкедегі театр» қойылымы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған роботтар көрмесі де келушілер назарын аударған маңызды алаңдардың бірі болды.

NAPOKAZ модельдік агенттігі ұйымдастырған дефиле бағдарламасы мерекелік кештің сәнін келтірді. Көрермендер сән әлемінің ерекше үлгілерін тамашалап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.

«Мен Атыраудан келген қала қонағымын. Қала маған өте ұнады. Бүгінгі музей түніне орай ұйымдастырылып отырған осы бір іс-шараға маған қатты ұнады. Жақсы әсер алдым. Естелікке суретке түсіп, қызықтау үстіндемін», — дейді келуші Нұржан Темірлан.
Сонымен қатар балалар мен ересектер музей қорындағы артефактілер негізінде ұйымдастырылған «Археологиялық лото» ойынына, «Шындық немесе ойдан шығарылған ба?» интерактивті викторинасына, сауыт торын тоқу және сурет салу бойынша шеберлік сабақтарына белсенді қатысты.

Кеш соңында келушілерге Қостанай облысының 90 жылдығына арналған арнайы дайындалған бүктемелер, ашық хаттар мен күнтізбелер таратылды. «Музей түні – 2026» жобасы қала тұрғындары мен қонақтарына рухани әсер сыйлаған, тарихи мұраны дәріптеген және музейдің мәдени кеңістіктегі маңызын айқындаған жарқын іс-шаралардың бірі болды.
