Арқалықта «Махаббат мұнарасы» көрерменге жол тартты

Арқалықта «Махаббат мұнарасы» көрерменге жол тартты

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры көрермен назарына сөз зергері Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы желісімен сахналанған «Махаббат мұнарасы» драмасының премьерасын ұсынды. Қойылым режиссері — Батырбек Рұсқұлұлы.

Премьера кешіне қала әкімі Әмірхан Асанов бастаған зиялы қауым өкілдері, оқу орындары мен мекеме басшылары қатысып, тың туындыны тамашалады.

Құрметті қонақтар қатарында қалаға арнайы жұмыс сапарымен келген мақтан тұтар жерлесіміз, жазушы, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Камал Әлпейісова мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия мүшесі, ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай бастаған делегация да төрден орын алды.

Қойылым дүниені қанға бөктірген әміршінің құрметіне сүйікті әйелі тұрғызған мұнара төңірегінде өрбиді. Қатарынан үш мәрте алдына келген астан өзегіне құрт түскен нарттай қызыл алманы көрген хан оны бәйбішесі жібергенін сезеді. Осылайша, ол жорықта жүргенде кіші ханым салдырған мұнара көңілге күдік туғызады. Ақырында қолында билігі бар әмірші жендеттеріне мұнара салған жас шебердің қос жанарын ойғызып, бас шебердің тілін кескізеді. Алайда, көңіл шіркін бәрібір байыз таппайды.

blank

Астарлы философия мен аңыз сарыны астасқан көркем туындыны актерлер жоғары шеберлікпен орындап шықты. Оған көрермендердің айрықша ықылас — қошеметі дәлел.

blank

Қойылым соңында театрдың жаңа директоры Рауан Терек көрермендерге ризашылығын білдіріп, режиссерға сый – құрмет көрсетті.

blank

«Арғы-бергі заманда да зұлымдық қанша үстемдік құрғанымен махаббаттың жолында еш кедергі бола алмаған. Біз қойылым арқылы түптің түбінде ақиқаттың алдында жарты әлемді билеген әміршінің өзі дәрменсіз болып қалғанын көрсеткіміз келді»,-дейді жаңа премьераның қоюшы режиссеры Батырбек Шамбетов.

МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ