«Тұлпар мініп, ту алған!» жобасының аясындағы «Алпамыс батыр» жырын оқу сайысына қатысып жатқан оқушылар мен жетекшілерін сөзге тарттық.
Бүгін — бірнеше ай бойы жыр жаттап, тыңғылықты дайындалған оқушылар үшін ең толқынысты сәт. Өйткені білікті қазылар алдында жырды мүдірмей оқып шығу да оңай емес. Мәселен, Амангелді ауданы Б.Қолдасбаев атындағы ЖББМ 7-сынып оқушысы Еркежан Ғазизова ерекше дайындықпен келген, дегенмен бірер тұста тосылып қалғанына көңілі толыңқырамай тұр. Ал жетекшісі оның жырды толық жаттап алғанын, көп қарсыласынан жақсырақ өнер көрсеткенін айтады.
«Байқауға былтыр күзден бастап дайындалдық. Мектепішілік, аудандық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсеттік. Жалпы, жырды бастан-аяқ жаттап алудың өзі үздік нәтиже. Шамамыздың келгенінше бос уақытымызды осыған арнадық. Өздеріңіз де көргендей, ол домбыраға қосып айтты. Домбыраны да екі-ақ аптада үйрендік. Аудандық кезеңге аспапсыз шығып едік. Қазылар шешімі қалай боларын көре жатармыз. Бастысы, жаттағаны бойына қуат болса екен деп тілейміз», — дейді жетекшісі Айзада Амантаева.
Ал облыс орталығындағы М.Хакімжанова атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Айдос Марат өзінің тәп-тәуір өнер көрсеткеніне, жүлдегерлер қатарына ілігеріне сенімді.
«Тапсырма билетін алғанымда өзім жақсырақ жаттаған жерден сұрақтар келді. Қателеспей, тақылдап оқып бердім. Көптен бері дайындалдым. Сол еңбегім қазыларға да көрінген шығар. Қателеспеуге тырыстым Мен көптеген көркемсөз байқауына қатысып, жеңімпаз болдым. Осы жолы да мектебіме жеңіс арнаймын деп үміттенемін», — дейді зерделі Айдос.

Айдостың жетекшісі де шәкіртіне разы. Есте сақтау қабілеті, сахна мәдениетін ұстануы, оқу мәнері ойдағыдай шыққанына қуанышты. Ал Алтынсарин ауданының намысын қорғауға келген оқушыны ерекшелеп айтуға болады. Себебі ол — қазына кеуде жыршы Нағашыбай Алпыстың немересі, кіші ұлы Әбдірахманың баласы Мұхаммедрахым. 5-сынып оқушысы. Жыр қонған құймақұлақтар әулетінің өкілі де бүгін жаттағанын домбыраға салып айтты.
«Жалпы, жобаға інім Әбдірахманның үш баласы, өзімнің екі балам қатысты. Солардың ең жасы үлкені осы бала болды. Екі үйдің балалары жырды бәсекелесіп, жарысып жаттады. Үш жасар ұлымның өзі былдырлап басын жатқа соғып жүр. Ал енді бүгінгі сайыста аздап қобалжығаны жасырын емес. Әйткенмен бұл оның үлкен сахнаға төселуіне, алдағы сайыстарға сенімділікпен шығуына сабақ болады», — дейді тәлімгері, әнші-жыршы ағасы Серік Алпыс.

Естеріңізге салайық, облыстық кезеңге, яғни ақтық сынға 44 оқушы қатысты. Жоба жеңімпазы мен жүлдегерлері бүгін 17.30-да анықталады.
ЖАНДОС ЖҮСІПБЕК
