Қайырымдылық – қоғамдағы ең ізгі құндылықтардың бірі. Соңғы жылдары Қазақстанда бұл үрдіс тек мерекелік акция деңгейінде ғана емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді.
«Қазақстан» телеарнасы келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі халықтың бұл іске белсенді араласа бастағанын көрсетеді. Соңғы 12 айдың ішінде ел тұрғындарының шамамен үштен екісі түрлі формада қайырымдылық жасап үлгерген.
Дегенмен, әрбір үшінші қазақстандық бұл бастамаларға әлі де қатыспайтыны анықталған. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, респонденттердің 28,8%-ы соңғы бір жылда ешқандай қайырымдылық көмегін көрсетпеген.
Қайырымдылық жасау тәсілдеріне келсек, көпшілік әлі де «тікелей көмек» форматын таңдайды. Яғни адамдар мұқтаж жандарға қаржылай немесе заттай көмекті жеке өздері жеткізуді жөн көреді. Сонымен қатар зерттеу нәтижесінде қатысушылардың 14,4%-ы қайырымдылық ұйымдары арқылы қолдау білдірсе, 10,3%-ы коммерциялық емес ұйымдарға ақша аударған. Ал азаматтардың 2,3%-ы арнайы қайырымдылық іс-шараларына қатысу үшін жарна төлеген.
Мамандардың айтуынша, мұндай көрсеткіштер қоғамда сенім факторының маңызды рөл атқаратынын аңғартады. Яғни көпшілік көмектің нақты мұқтаж адамға жететініне көз жеткізгісі келеді.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижесі қайырымдылық мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Алайда бұл бағыттағы жүйелі түсіндіру жұмыстары әлі де қажет екені байқалады.
Сәбина Кеңесбаева,
ҚӨУ студенті
