Іскер әйелдерден тарту

Іскер әйелдерден тарту

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен облыстық ауруханадағы Перинаталдық орталығының 4-қабатында босанған аналарға арналған жайлы тынығу аймағы ашылды. Игі жоба ана мен балаға деген жанашырлықтың, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің бір көрінісі.

Жаңа тынығу аймағының ашылу салтанатына қауымдастық мүшелері, қонақтар мен медицина қызметкерлері қатысып, лентасы қиылып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Жиналғандар мұндай бастамалар аналардың көңіл күйіне оң әсер етіп, олардың сауығуына, өзін жайлы сезінуіне ықпал ететінін атап өтті.

Демалыс бұрышы аналардың уақытша тынығып, бой жазуына барынша қолайлы етіп жасақталған. Мұнда жұмсақ дивандар, түрлі кітаптар, гүлдер мен көркем картиналар қойылған. Бұл жер жас аналардың психологиялық көңіл күйін көтеріп, өзіне келіп, перзентханадағы күндерін жайлырақ өткізуіне мүмкіндік береді.

Демеушілердің айтуынша, бұл бастама тек материалдық қолдау ғана емес, аналарға деген қамқорлық. Әсіресе, сәбиін өмірге әкелген әйелдердің эмоционалдық жағдайы құбылмалы болады. Ондайда қолдау өте қажет. Облыстық аурухана басшылығы осындай игі бастамаға демеуші болған жандарға алғысын білдірді.

blank blank blank blank blank blank blank blank

Қостанай облысының Іскер әйелдер қауымдастығы алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, медицина, білім және қайырымдылық бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА,

суреттерді түсірген Василий Васильев