Ол үшін аймақта 12 қала сыртындағы лагерь мен 600-ден астам мектеп жанындағы лагерь есігін айқара ашпақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова айтты.
Басқарма өкілінің сөзінше, балалардың демалысын ұйымдастыруға бюджеттен қомақты қаражат бөлінген.
«Жетім, аз қамтылған және дарынды балаларды сауықтыруға шамамен 300 миллион теңге қарастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 миллион теңгеге артық. Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы тағы 2 634 бала тегін демалады», – деді Данагүл Сүйіндікова.
Ата-аналар өз қаражатына сатып алатын жолдамалардың құны лагерьдің деңгейіне қарай 23 мыңнан 90 мың теңгеге дейін барады. Облыс бойынша орташа баға 55 838 теңгені құрап отыр. Сондай-ақ биыл ерекше қажеттіліктері бар 379 баланы сауықтыруға бағытталған «Хатико» жобасына 62,5 миллион теңге бөлінген.
Демалыс маусымы басталмай жатып, өңірде қайғылы жағдай орын алып үлгерген. Білім басқармасы балаларды су айдындары мен ашық терезелердің жанында қараусыз қалдырмауды сұрап, ата-аналарға дабыл қақты.
«Өкінішке қарай, оқу жылының соңында Лисаков қаласында 9-сынып оқушысы суда қайтыс болды. Ал Қостанай қаласындағы термопаркте болған екінші жағдайда куәгерлер мен жедел жәрдем мамандарының жедел әрекетінің арқасында бала аман қалды. Судағы өлімнің басты себебі – шомылуға тыйым салынған жерлер және ата-ана бақылауының жоқтығы», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, басқарма өкілі москит торлары баланың салмағын көтере алмайтынын ескертіп, терезелерге арнайы бұғаттағыштар орнатуды және самокат пен велосипед тебу кезінде жол ережесін қатаң сақтауды талап етті.
Биыл Қостанай облысында 5 200 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 231 оқушы «Алтын белгіге», 302-сі үздік аттестатқа үміткер. Бірақ биылғы бітіру кештерінде ерекше шектеулер болады.
Оқу-ағарту министрлігінің №106-НҚ бұйрығына сәйкес, мектептерде заңсыз ақша жинауға және бітіру кештерін қымбат мейрамханаларда өткізуге тыйым салынды. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алуға жол берілмейді.
Аттестат тапсыру рәсімі 18 маусымда тек мектеп ғимаратында немесе оның аумағында өтеді. Заңсыз ақша жинау фактілері анықталса, тұрғындар 37-08-58 немесе 8-708-087-42-01 сенім телефондарына хабарласа алады.
ҰБТ-ға облыс бойынша түлектердің 78,5%-ы (4 092 оқушы) қатысады деп жоспарланған.
Биылдан бастап елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау кезең-кезеңімен жүреді. Қостанай облысы үшінші лекке еніп, құжаттарды 18 маусым мен 31 тамыз аралығында egov.kz порталы арқылы қабылдайды. Жаңа оқу жылында 10,5 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды.
Құжаттарды қабылдау 3:1 қағидаты бойынша жүреді: алдымен мектептің өз аумағында тұратын 3 бала, содан кейін ғана басқа аумақтан 1 бала тіркеледі.
Өңірде орын тапшылығын шешу үшін заманауи жабдықталған 2500 орындық 4 жаңа мектеп ашылғанын (Әулиекөл ауданында, Рудный мен Қостанайда) және материалдық базаны жақсартуға 1,2 миллиард теңге бөлінгенін баяндады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
