ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиеваның айтуынша, елімізде инватакси қызметін көрсету тәртібін жетілдіру мәселесі қарастырылып жатыр. Негізгі мақсат – қызметтің қолжетімділігін арттыру және оны қажет ететін азаматтардың қатарын кеңейту.
Инватакси – денсаулық жағдайына байланысты қоғамдық көлікті пайдалана алмайтын азаматтарға арналған арнайы көлік қызметі. Бұл қызмет арқылы жұмыс орнына, оқу орындарына, медициналық мекемелерге, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, оңалту ұйымдарына, сондай-ақ әлеуметтік және мемлекеттік қызметтер көрсетілетін нысандарға баруға болады.
Маманның сөзінше, инватакси қызметі тек мүгедектік фактісі негізінде ғана тағайындалмайды. Қызмет көрсету кезінде азаматтың медициналық көрсеткіштері, қозғалу қиындығының деңгейі және арнайы тасымалдауға нақты мұқтаждығы ескеріледі.

Мұндай қажеттілік дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қорытындысымен расталады.
Инватакси қызметін ұйымдастыру бірнеше мекеменің құзыретіне кіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша тәсілдер мен ұсыныстар әзірлейді.

Ал жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер, қызметті өңірлерде ұйымдастырып, өтінімдерді қабылдау, тасымалдаушылардың жұмысы, бағыттар, кесте және қызмет сапасына жауап береді. Медициналық ұйымдар өз кезегінде ДКК арқылы адамның арнайы тасымалдауға мұқтаждығын анықтайды.
Қазіргі таңда министрлік инватакси қызметін алуға медициналық көрсетілімдер тізбесін кеңейту бойынша ұсыныстар енгізген. Оның аясында қосымша 19 нозологияны енгізу ұсынылып отыр. Бұл мәселе қазір Көлік министрлігінің қарауында. Өйткені инватакси қызметі әлеуметтік қолдаумен қатар, көлік саласындағы реттеу мәселелерімен де тығыз байланысты.
Сәбина Кеңесбаева,
ҚӨУ студенті
