Жыл басында Қостанай облысының әкімдігі мен Tele2/Altel байланыс операторы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС аймаққа қарасты моноқалалар мен аудан орталықтарында және шалғай ауылдарда интернеттің сапасын жақсарту үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Екі жақты келісімнің аясында ұялы байланыс компаниясы жыл соңына дейін астықты өлкеде 60-тан астам жаңа базалық станция орнатуға тиіс.
Байланыс қызметпен қамтуға арналған алғашқы станциялар Лисаков және Рудный қалалаларында іске қосылды.
Жаңа базалық станцияларды жаппай орнату ісі – цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында атқарылып жатқан бірегей жоба. Бастама аудан орталықтары мен шалғай ауылдардың тұрғындарын тұрақты ұялы байланыспен қамтып, интернет сапасын арттыруды көздейді. Осылайша өңірдің цифрлық, телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі.
Меморандум шеңберінде Қостанай облысының аумағындағы ірі қалалар мен халық тығыз шоғырланған аудан орталықтарында жаңа базалық станциялар құрылып, ресми түрде іске қосылуда. Соның бірі Лисаков қаласында ашылды.

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы Президент тапсырмасына орай Лисаковта жеткілікті жұмыстар жүргізілуде. Моноқалада барлық ұялы байланыс операторлары мен «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметі қолжетімді. Оған қоса «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жаңадан алты базалық станция орнатып, байланыс қызметінің сапасы мен жиілігін одан сайын жақсарта түспек. Мұндай антенна діңгек құрылымы — радио, теледидар және мобильді байланыс сигналдарын қабылдауға, әрі таратуға арналған антенналарды биікке көтеруге және ұстап тұруға арналады. Арнайы инженерлік тірек абоненттерге сапалы қызмет ұсынады. «Қазақтелеком» АҚ №4,5 шағын аудандарда пәтерлердегі интернетті талшықты-оптикалық желілерге алмастыруда. Жыл соңына қарай қаладағы барлық ескі мыс желілер талшықты-оптикалық желіге көшеді. Бұдан өзге көшелерге бейнебақылау камералары орнатылуда. Жасанды интеллект элементтерін қолдануға да ден қоюдамыз», – деп мәлімдеді Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.
Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Қашиев базалық станицяның тірегі екі мақсатқа қызмет ететініне екпін қойды. Біріншіден ол жерге көшеге арналған жарық шамдар ілуге, екіншіден бейнебақылау камераларын орнатуға қолайлы.
«Биылғы акпанда Қостанай облысының әкімдігі мен «Мобайл Телеком — Сервис» компаниясы арасында үлкен меморандум жасалды. Соның шеңберінде ұялы байланыс компаниясы жылдың соңына дейін 60-тан астам базалық станция құруға уағдаласқан. Ол жерде облыс орталығынан бөлек моноқалаларға 4G, 5G технологиясын енгізу туралы да келісім бар. Лисаков қаласында 6 базалық станция, Рудный қаласында 13, Арқалықта 2, Жітіқарада 2 станция құру жоспарланды. Бүгін Лисаковта екі станцияны іске қосудамыз. Ол не береді? Алдымен, Лисаков қаласындағы мобильді байланыс пен мобильді интернеттің сапасын жақсартады. Тұрғындар байланыстың үзіліп, қарсып қалатынына жиі шағымданатынын естіп жүрміз. Оның себептері де баршылық. Жыл сайын желілерге салмақ түсуде. Біз жылдан жылға ұялы телефондар мен гаджеттерді көбірек тұтына бастадық. Сондықтан мобильді байланысқа сұраныс та салмақ та артты, қолданушылар саны да көбейді», – деді басқарма басшысы.
Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефон ұстайды десек тым әсірелеген болмаспыз. Себебі шынымен солай. Ендеше тұтынушылардың қатары толыққан сайын ұялы байланысқа артылар жүк ауырлай беретіні түсінікті. Сан мен сапаның арасындағы алшақтықты жақындату үшін облыс билігі тәп-тәуір бастамаға қолдау жасауда. Сұранысты өтеуге «Мобайл Телеком — Сервис» ЖШС білек сыбана кірісуде. Аталған ұйым бұрын «Қазақтелеком» АҚ-ның еншілес компаниясы болған. Ұялы байланыс операторын 2024 жылы катарлық инвестор сатып алды. Сөйтіп еліміздегі ұялы байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестиция құюға, соның ішінде базалық станциялар салуға ниет білдірді. Бүгінде «Мобайл Телеком — Сервис» ЖШС Қостанай облысында Tele2/Altel желісін дамытуға қомақты қаржы бөліп отыр.

«Лисаковта он базалық станция бар. Соған қосымша алты база саламыз. Екі станцияны құрып қойдық. Қалғанын осы жылдың маусым айының аяғына дейін орнатамыз. Ептеп келе жатырмыз соған. Қала іргесіндегі саяжай аумақтарында байланыс сапасының нашар және әлсіз екенін естідік. Біз тұрғызған екі базаның бірі №20-шы шағын ауданында орналасқан. Бұл жер саяжайларға ең жақын нүкте. Сондықтан байланыстың жеткіліксіздігін шешеді деген сеніммен нақты осы маңды таңдадық. Станцияны толықтай іске қосқан соң мән-жайды тағы бір мәрте зерделейміз. Абоненттер жайлы статистика жүргізіп, әрі қарай қай бағытқа жылжу керегін анықтаймыз. Егер аталған учаскеге байланыс сигналы тағы да жетпей жатса, онда саяжай тұрғын алабының нақ өзіне базалық станция қоятын боламыз», – деп түсіндірді «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС Қостанай облысындағы аға инженері Мұрат Баяхметов.
Аға инженердің айтуынша, базалық станция тұтынушыларды Tele2, Altel, Kcell, activ ұялы байланыстарымен қамтамасыз етеді. Аталған операторлардың үздік интернетін, мобильді интернетін, ұялы байланысын ұсынады. Абоненттерге қолайлы жағдай жасау үшін, желінің сапасын одан әрі жақсартып, байланысты күшейту үшін жасалуда. Станцияны іске қосып, алғаш сынап көрген сәтте интернеттің жылдамдығы секундына 200 мегабитқа дейін жетті.
«Біздің компания Лисаков қаласының байланыс желілерін жаңғыртуға 200 млн теңге мен 500 млн теңге аралығында инвестиция салуға ниетті. Бір базалық станцияның құны 40-50 миллион теңгенің арасында. Біз сигнал деңгейі төмен аумақтарды назарға аламыз. Меморандум аясында 2026 жылы Қостанай облысындағы байланыс және интернет сапасы әлсіз учаскелер түгелдей жоғары қызметпен қамтылады. Осы бағытта бізге жер телімдерін бөлуде, электр энергиясымен қамтуда қолдау білдірген қала басшылығына алғыс айтамыз», – деп нақтылады Мұрат Жұмашұлы.
Рудный қаласында 37 базалық станция бар. «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС оған қосымша 14 станция салуға ықтиярлы. Соның алғашқысын іске қосып, шаһар басшысы Виктор Ионенкоға таныстырды. Компания кеншілер қаласының телекоммуникация инфрақұрылымын күшейтуге 400 млн теңгеден 700 млн теңгеге дейін қаржы құюға әзір. Бір антенна тіректің сигнал диапазонына келсек, мұнара 500 метрден бастап 1,5 шақырымға дейінгі қашықтыққа байланыс таратады. Қала әкімі сигнал әлсіз жететін, картадағы «ақтаңдақтар» туралы ұтымды ой тастады.

«№11 шағын ауданның құрылысы жандануда. №19, 20-шы шағын аудандарда да құрылыс жүрмек. Ол жерлерді байланыс және интернетпен толық қамту керек. Қостанай, Молодая Гвардия көшелеріндегі әлсіз аймаққа, саяжайлардағы «өлі аумақтарға» ерекше көңіл бөлсеңіздер. Аталған жерлердің тұрғындары байланыс пен интернеттің жеткіліксіздігіне жиі шағымданады. Промзона шағын ауданында да байланыс жоғалып кетеді. Сондықтан біздің ұсынысымызды елеп-ескересіздер деген үміттеміз. жасалып жатқан жұмыстарға алғыс айтамыз. Болашақ жобаларға сәттілік тілейміз! Одан кейін кейбір тұрғындар радиофобия сияқты үрейге беріліп, «бізге зияны тиеді» деген сыңайлы көзқарастар туындауда. Антенна-діңгек құрылымының адамның денсаулығына кері әсері бар ма? Кәсіби маман ретінде маңызды ақпаратты ғылыми негізде жүйелеп, түсіндіріп берсеңіздер», – деген ұсыныс айтты Виктор Ионенко.
Сондай-ақ инвесторды Рудныйдағы республикалық маңызы бар жолдарда байланыс сапасын жақсартуға шақырды. «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС Қостанай облысындағы аға инженері Мұрат Баяхметов аталңан ұсыныс тілектерді басшылыққа алатынын және базалық станциялар адам ағзасына ешқандай әсер етпейтінін айтты. Себебі мұнара тиісті талаптарға сәйкес салынады. Қосымша деректер техникалық құжатында көрсетіледі. Нысанның құрылысы аяқталған соң санитариялық-эпидемиологиялық бақылау станциясының қызметкерлері келіп, тексеретін көрінеді.
«Қазір қалада құрылыс қарқынды. Өткен үш жылда 12 тұрғын үйді қалпына келтіріп, жаңадан бес үй салдық. Аталған нысандарға тұрғындар қоныстанды. Ол жерлерде халық саны көбейіп, байланыс және интернетті пайдалану көлемі де өзгерді. Сондықтан желілердің қуатын күшейту қажеттілігі туындауда. Аталған жұмыс бір орнында тұрмайды. Уақытпен қатар дамып, өзгеріп отырады», – деді Рудный қаласының әкімі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
Лисаков, Рудный қалалары
