Төлеңгіт – Меңдіқара ауданындағы оншақты үй бар елді мекен. Мал ұстауға ыңғайлы, өмір сүруге қолайлы жер. Осы ауылға былтыр ғана келін болып түскен әріптесіміз Балауса Жүніс тұрады.
Өзі журналист бола тұра екінші білімін алып, Оразалы Қозыбаев атындағы Қаратал жалпы білім беретін мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жатыр. Жолдасы Сайран технология пәнінен, Балауса психологиядан сабақ беріп жүр.
«Қостанайда тұрақты жұмысымыз болды. Сайран «Камлит кз» зауытында жұмыс істеді. Өзім Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетте оқи жүріп, облыстық газетте қызмет еттім. Бізді ауылға келіңдер деп ешкім шақырған жоқ. Отау құрған соң, өзіміз ақылдасып-кеңесіп, әке-шешеміздің қасында болайық, ауылда жұмыс істейік, мұнда да еңбек етіп, тіршілік етуге болады деген ұйғарымға келдік. Қалада жұмыстың сыртында, шағын дәмханамыз болды. Табысымыз да жаман емес еді. Соны сатып, орнына біраз төл алдық. Ақырындап мал басын көбейткіміз келеді. Бұл жақта жайылым жетеді. Ауылды жастар көтеруі керек. Шекара шетіндегі елді мекендерде халық саны күрт азайып кеткеніне Президентіміз де алаңдайтынын білеміз. Шекара түбіндегі ауылдарға жеңілдік қарастыратын заң қабылдануы мүмкін деген жылы хабарды да естіп отырмыз. Сондықтан өз басым Төлеңгіт жабылады деп ойламаймын. Қайта келешекте ел қонып, еңселі ауылға айналады деген үмітіміз бар», – дейді Балауса.
Қаладағы жайлы тұрмысты қиып, ауылға көшіп келген жас отбасының батыл шешімі көңіл сүйсінтеді. Алайда жалғыз жас отбасы бүгін-ертең жабылып қалайын деп тұрған жар шетіндегі ауылды құтқарып қала алар ма екен деген ойға кеттік.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Меңдіқара ауданы
