Арқалықтың инженерлік инфрақұрылымы жаңарады Фото: ORTCOM.KZ

Арқалықтың инженерлік инфрақұрылымы жаңарады

Қаланың жылу және электр желілерін жаңғыртуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 5,8 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Мәліметке сәйкес, бөлінген қаржы екі маңызды бағытқа жұмсалмақ. Атап айтқанда, 3 млрд теңге қаланың электр желілерін реконструкциялауға бағытталса, 2,8 млрд теңге ұзындығы 8,3 шақырым болатын жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын аяқтауға қарастырылған. Мәліметке сәйкес, бөлінген қаржы екі маңызды бағытқа жұмсалмақ.

Атап айтқанда, 3 млрд теңге қаланың электр желілерін реконструкциялауға бағытталса, 2,8 млрд теңге ұзындығы 8,3 шақырым болатын жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын аяқтауға қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай жаңғырту жұмыстарының қажеттілігі қаладағы жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты туындаған. Себебі энергетикалық инфрақұрылым нысандарының басым бөлігі 1970 жылдардан бері пайдаланылып келеді.

Биылдың өзінде Арқалық қаласының жылу желілерін жөндеуге 914 млн теңге бөлінген. Оның 645,5 млн теңгесі Үкімет резервінен, қалған бөлігі облыстық бюджет есебінен қарастырылыпты. Соның нәтижесінде 1,6 шақырым жылу желісі жаңартылған.

Сала мамандарының мәліметінше, жылу магистралін толық реконструкциялау жұмыстары аяқталған жағдайда желілердің тозу деңгейі шамамен 25 пайызға төмендейді деп күтілуде. Бұл, өз кезегінде, қаланың жылумен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін арттырып, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бермек.

Ал электр желілерін жаңарту жобасы аясында үш қосалқы станса қайта жаңғыртылып, 110, 35 және 10 кВ кернеулі электр беру желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ұзындығы 37,8 шақырым болатын желілердегі ағаш бағандарды темірбетон тіректерге ауыстыру жоспарланған. Жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар Арқалық қаласы тұрғындарымен қатар Жангелдин және Амангелді аудандарындағы жалпы саны 58 мың адамды тұрақты электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы, Үкімет қолға алып отырған инфрақұрылымды жаңғырту шаралары өңірдің коммуналдық жүйелерінің тұрақтылығын арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және Арқалық өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етуі тиіс.

Сәбина Кеңесбаева,

ҚӨУ студенті