Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков отбасымен бірге Ө.Сұлтанғазин атындағы мектепте орналасқан N669 референдум учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын жасады.
– Бүгін мен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өткізіліп жатқан жалпыұлттық референдумға қатысып, дауысымды бердім. Бұл маңызды саяси науқанға қатысу әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам деп есептеймін. Референдумға отбасыммен бірге келдім. Биыл қызым 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беріп отыр. Бұл – әрбір жас азаматтың өміріндегі ерекше әрі маңызды сәт, – деді аудан әкімі.
Алғаш рет дауыс беріп, сыйлыққа ие болған Жібек Лесбек те өз әсерін бөлісті.
– Көңіл күйім өте жақсы. Референдумға келген сәттен бастап ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде екенін байқадым. Өз дауысымды алғаш рет беріп отырмын. Әрине, аздап қобалжу болды. Бірақ еліміз үшін маңызды шешім болғандықтан, ойланып, өз таңдауымды жасадым, – дейді ол.
Айта кетейік, аталған референдум учаскесіне таңсәріден бастап дауыс беруге келушілердің саны көп болды.
Жалпы аудан бойынша 11 306 сайлаушы тізімге енгізілген. Бірқатар референдум учаскелерін аралау барысында дауыс беруге келген тұрғындардың белсенділігі жоғары екені байқалды. Олардың қатарында қарапайым еңбек адамдары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ ерікті жастар бар.
Сарыкөл ауданы бойынша референдум учаскелерінде мерекелік әрі белсенді атмосфера қалыптасқан. Аудан тұрғындары жақсы көңіл күймен келіп, өз азаматтық ұстанымдарын білдіру үстінде.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген – автор
Сарыкөл ауданы
