Аида Балаева: «Еліміз әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолында»

Аида Балаева: «Еліміз әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолында»

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі жаңа Конституцияны қабылдауға арналған жалпыұлттық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.

Дауыс беру Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында орналасқан №129 сайлау учаскесінде өтті.

Маңызды саяси оқиғаға қатысты пікір білдірген Премьер-Министрдің орынбасары жаңа Конституцияны қабылдау ел дамуының келесі кезеңіндегі маңызды қадам екенін айтты.

«Әр ұлт, әр мемлекет өзінің болашақ даму жолын айқындайды. Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес. Халықтық Конституцияны қабылдау – әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған маңызды қадам. Қазақстандықтар дұрыс таңдау жасайды деп сенемін», — деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр референдум күні қазақстандықтардың жоғары азаматтық белсенділік танытып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, таңертеңнен бастап азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуы байқалады. Бұл елде ашық қоғам қалыптасып, саяси мәдениет деңгейінің артқанын және азаматтардың мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.

«Таңертеңнен бастап ақпараттық кеңістікті бақылап отырмыз. Халықтың референдумға белсенді қатысып жатқаны қуантады. Бұл Қазақстанда ашық қоғам қалыптасқанын, саяси мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің артқанын көрсетеді. Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын азаматтар көп. Бұл – 2019 жылдан бері мемлекет басшысы жүргізіп келе жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі», — деді ол.

Айта кетейік, дауыс беру учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.