Аманкелді ауданының Қарасу ауылдық округіне қарасы Сәт ауылында жергілікті кәсіпкерлердің, тұрғындардың және ауыл түлектерінің қолдауымен балалар саябағы ашылды.
Бұл бастама – ауыл тұрғындарының бірлігі мен балаларға деген қамқорлығының жарқын көрінісі екендігі айқын.
Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Қанат Кеделбаев құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске демеушілік танытқан кәсіпкерлерді марапаттады.
Аудан орталығы және көршілес Арқалық қаласынан келген өнерпаздардың ән шашулары іс — шараның сәнін келтірді.
Міне, осылайша ауылда ел көптен күткен балалардың демалыс саябағы іске қосылды.
Енді кішкентай бүлдіршіндер бос уақыттарын таза ауада әрі қауіпсіз алаңда көңілді өткізетін болады.
Саябақтың құрылымында заманауи ойын алаңдары, спорттық жабдықтар, демалыс орындары мен жасыл желектер орнатылған. Ауыл тұрғындарының балалардың қамын ойлап, қажеттіліктерін ескергені көңіл қуантады. Өміршең бастама көтерген ел азаматтарының жарқын істері көпке үлгі. Ұрпақ болашағы үшін жасалған әр қадам – ел ертеңіне деген қамқорлықтың негізі болмақ. Балалар саябағы – бұл тек ойын алаңы ғана емес, ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын арттыруға бағытталған оң қадам.
Ауылдың ынтымақты кәсіпкерлері алдағы уақытта да осындай ілкімді жобаларды қолдап, ауылдың дамуына атсалыса бермек ниетте. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі.
Мұрат Жүнісұлы
Аманкелді ауданы