Рудный индустриялық университетінің түлектері жаңа өмірге жолдама алды

Рудный индустриялық университетінің түлектері жаңа өмірге жолдама алды

Рудный индустриялық университетінің биылғы түлектері алған білім, тәжірибелерімен қаруланып, үлкен өмірге алғашқы қадамдарын жасады. Салтанатты бітіру кеші еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі маңызды жаңалықтар мен жетістіктерге толы болды. Мерекелік іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеүндеуі көрсетілді.

«Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Сіздер бұл өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, іргелі бетбұрыстар жасауға дайын болуларыңыз қажет. Бұл – бүгінгі заман талабы», – деді Саясат Нұрбек өз сөзінде.

Министр еліміздегі жоғары білім мен ғылым саласына бағытталған ауқымды реформаларға да тоқталды. Соңғы жылдары студенттердің шәкіртақысы едәуір артқан. Мәселен, 2021 жылдан бері бакалавриат шәкіртақысы 84 мың теңгеге, магистранттардікі 117 мың теңгеге, ал докторанттардікі 262 мың теңгеге дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 100% жоғары. Осылайша, жоғары білімге қолжетімділік артып келеді – мемлекеттік гранттардың саны жыл сайын 10%-ға өсіп отыр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, отандық білім жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп, жаңа заманға бейім оқу бағдарламалары қолға алынуда. Жақында төрт университетте суперкомпьютерлер іске қосылады. Жастарымыз елімізде жүріп-ақ шетелдік білім алу үшін 23 елдің университеттерінің  қазақстандық филиалдары жұмыс істеп жатыр, биыл тағы осындай орындардың 11-і  ашылады.

Рудный индустриялық университетінің басқарма төрағасы Нұрбек Сапарқожаев та білім мен ғылым саласының болашағына зор сенім білдірді:

«Білім – адамзаттың болашағына бағытталған ең сенімді капитал. Қазіргі таңда цифрландыру, жасанды интеллект пен үздіксіз білім беру алдыңғы орынға шықты. Университетіміз осы заманауи трендтерден шет қалмай, ғылыми хабқа айналуды көздеп отыр», – деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов университет түлектерін құттықтап, аймақтың дамуына қосатын үлесін атап өтті. Биыл облыс бойынша 4000-нан астам студент жоғары оқу орындарын бітіріп отыр.

«Бұл сәт сіздердің табандылықтарыңыз бен ата-ана үмітінің нәтижесі. Қостанай облысының жоғары оқу орындарын биыл төрт мыңнан астам студент бітіріп жатыр. Бұл –еліміздің болашағы үшін жасалған білікті кадрлық әлеует. Рудный индустриалды университеті – құрылыс, энергетика, технология салаларының мамандарын дайындайтын көшбасшы оқу орны. Мұнда ғылым ғана емес еңбекеке адалдық, тәртіп, мақсаткерлік сияқты өмірлік құндылықтарды үйретіледі», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко жұмысшы мамандықтардың маңыздылығына тоқталып:

«Қазір елімізде жұмысшы мамандықтар тапшы екенін білесіздер. Қалалар өсіп жатыр, индустрия саласы қарқын алды. Дәлірек айтқанда, облыстың өзіне жеті жүзге жуық сіздердей маман қажет. Қала құраушы кенбайыту кәсіпорындары сіздердей мамандарды іздеп отыр. Шетелдік компаниялар елімізбен серіктестік орнатып, көлік құрастыру, ауыл шаруашылығы салаларында ірі компаниялар пайда болғалы тұр. Қаланың, даланың болашығы сіздердің қолдарыңызда», –  деді Виктор Ионенко.

Іс-шара барысында университеттің әлеуметтік серіктестері де сөз алып, үздік түлектерді марапаттады. «Қостанай минералдары» компаниясының өкілі Айбол Смағұлов үздік студенттерге 100 мың теңге көлемінде сертификаттар табыстады.

Ал «Allur» компаниясының атынан Людмила Олканян ғылыми жобаларға қатысқан бітірушілерге алғыс білдірді.

Сондай түлектердің бірі – Арыстан Болатұлы ғылыми ізденісін контейнерлік технология саласында бастап, шахта жұмыстарындағы тиімділікті арттыру бағытында зерттеу жүргізіп жатқанын айтты.

«Бұл – менің алғашқы тәжірибем. Қарапайым тақырыптан басталған жоба шахта жұмыстарындағы нақты мәселелерге ұласты. Қазір ғылыми мақала жазу үстіндемін», – деді жас зерттеуші.

Рудный индустриялық университеті жыл сайын инженерия, құрылыс, энергетика және технология салалары бойынша жүздеген маман дайындап шығарады. Бұл – тек білім ғана емес, ел дамуына қосылған нақты үлес. Бүгінгі таңда әлемдік кеңістікте виртуалды шындық, жасанды интеллект, цифрландыру мен үздіксіз білім беру үдерістері алдыңғы орынға шығып отыр. 2030 жылға қарай Қазақстандағы білім беру нарығының көлемі 150 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл саланың негізгі қозғаушы күштері – оқыту жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, оқу орындарының базасында академиялық хабтар құру және шетелдік студенттерді тарту болмақ. Президенттің жұмысшы мамандықтар жылын жариялауы – бұл бағыттағы жүйелі өзгерістердің бастауы. Бұл бастама еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруге, инновациялар мен цифрлы технологияларды дамытуға тың серпін береді. Келер жылды Білім мен ғылыми зерттеулер жылы деп жариялау ұсынысы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осы бағытта көптеген цифрлы жобалар жүзеге асырылады. Соның ішінде «Айсана» бағдарламасына ерекше назар аударылып отыр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Рудный қаласы