Ұлттық домбыра күніне орай қаланың орталық «Наурыз» алаңында «Күмбірле күй домбыра» атты мерекелік іс-шара қанат жайды.
Өңір домбырашылары мен халықтық ұлт – аспаптар оркестрі бір мезетте 6 күй орындады. Сахна шымылдығын өңірлік дәстүрлі ән – жырды дәріптеп жүрген дәстүрлі әнші Рамазан Мешелов О.Құлымсақтың «Ақ тілек» әнімен ашып берді.
Мың домбырашы Сейтектің «Көңілашар», халық күйлері «Тепеңкөк», «Жастар биі», «Салкүрең», Б. Әбеновтің «Желдірме», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін «дирижеры ҚР Мәдениет қайраткері Б. Әбенов) орындады.
Сондай — ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейіновтің жетекшілігімен келіп, жеке концерттерін берген өнер жұлдыздарының бірі Қайрат Айтбаев күй шалқытып, ақын Ұмтыл Зарыққан ұлттық аспабымыз домбыраны насихаттаған өлеңін оқыды.
Қорытындысында қала әкімі Әмірхан Асанов жиналған жұртшылықты «Ұлттық домбыра күні» және осы мерекемен тұспа тұс келген Астана күнімен құттықтап, өнер жанашырларына, домбырашыларға, демеушілерге алғысын білдірді.
«Президент Жарлығымен қазақ халқының бас аспабы – киелі домбыра күні биыл елімізде сегізінші мәрте аталып өтуде. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің баршамыз үшін маңызы эор», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов өзінің мерекелік құттықтауында.
Қала басшысы салтанатты шақта «Мың домбырашы» іс-шарасына қатысушыларды номинациялар бойынша марапаттады.
«Ең қарт домбырашы», «Әулетімен қатысқан домбырашылар», «Ең жас домырашы» аталымдарының иелеріне қомақты ақшалай сертификаттар табыс етті.
Елдің абыз ақсақалы Мұхтар Ходенов халыққа ақ батасын берді.
Мерекелік іс-шарада қала тұрғындарына «Жаса, жайна Арқалығым!» атты қазақ эстрада жұлдыздарының концертін тамашалауға да жол ашылды. Дала сахнасында Қуаныш пен Қарлығаш отбасылық дуэті, «GAZAG» тобы эстрадалық шоу жасап, көрермендерінің ыстық ықыласына кенелді.
Бірнеше сағаттар бойы көрерменге рухани күш сыйлаған іс — шара барысында мерекелік отшашу шашылып, түйіні жастардың би кешіне ұласты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы