Қостанай қаласының 145 жылдығына орай, облыстық «Қостанай таңы» газеті «Ракурс» атты облыстық фотобайқау жариялаған еді. Бүгін қорытындысы шығарылып, жүлдегерлер анықталды.
Қостанайдың көрікті келбетін, әсем табиғатын әспеттеу, оған жерлестеріміздің, әуесқой фотографтардың көзімен қарап көру байқаудың басты мақсаты болған еді. Ол қала күні мерекесінің қарсаңында жарияланды. Көңілі қалаған көріністі суретке түсіру қазір кім-кімнің де қолынан келетіні, кез келген адамның оған техникалық мүмкіндігі зор екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан «Ракурс» байқауына материал толассыз түсіп жатар деп үміттенгеніміз рас. Бірақ, шындығына келгенде, қатысуға ниет танытқандар соншалық көп болмады. Он шақты үміткер ғана суреттерін жолдады. Дегенмен қолда бар материалдарды салыстыра қарап, үздіктерін анықтадық. Бұл жұмысқа кәсіби фотографтар шақырылды. Олар да таңдандырарлық кадрлардың соншалық көп емес екенін жасырмай айтты.
Сонымен, комиссия өкілдерінің шешімі бойынша, «Ракурс» фотобайқауының 3-орыны арқалықтық Ернағыз Жанатқанға берілді. 2-орын Бексұлу Исламға бұйырды. Ал Қостанайдың түнгі көріністерін көбірек кадрға іліктірген Назгүл Рысбекова 1-орынға лайық деп танылды. Демеушілеріміз тағайындаған ақшалай сыйлық жүлдегерлердің жеке шотына аударылады. Жүлдегер суреттердің бірнешеуін назарларыңызға ұсынайық.