Құрбан айт – рухани тазару мен бірліктің мерекесі

Құрбан айт – рухани тазару мен бірліктің мерекесі

​Құрбан айт – күллі мұсылман үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Бұл тек мал сойып, ет таратумен шектелмейтін, астарында терең рухани тағылым, адамгершілік құндылықтар мен әлеуметтік теңдік жатқан ерекше мейрам.

​Құрбан айттың тарихы Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) есімімен тікелей байланысты. Ол Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынып, өзінің сүйікті перзенті Исмаилды құрбандыққа шалуға дайын болғандығы. Сол үшін де құрбандық – пенденің Жаратушыға деген шексіз махаббаты мен сенімін паш ететін құлшылық.

​​Мерекенің басты тағылымы – тақуалық, шынайы ықылас. Құран Кәрімде айтылғандай: «Құрбан малдарының еттері де, қандары да Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді» (Хаж сүресі, 37-аят). Бұл құлшылықтан алар ғибратымыз: Жаратушы мен пендесі арасындағы және Әке мен Бала арасындағы қарым-қатынастың қандай болуы керектігі. Қартайған шағында көрген баласын Жаратушы Иесі үшін құрбан етуге дайын Пайғамбар-пенденің ғажап-кәміл иманы мен Әкеге бағыну арқылы Раббысына бой ұсынған Бала-пенденің керемет әдебі!…

​Мұсылман адам құрбандықты мақтану немесе ауқаттану үшін емес, тек Алланың разылығы үшін шалады. Нәпсіні тәрбиелеп, мал-мүлкінен қиып садақа беру арқылы бойындағы сараңдықтан арылады.

«Айт намазы» мерекенің алғашқы күні мешіттерде жамағатпен оқылатын намаз. Айт – «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Жұма намазы парыз болған жандарға айт намаздары да – уәжіп (міндет). Бірақ айт намаздарында «хұтпа» намаздан кейін оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет.

Ал, енді құрбандық шалу намаздан кейін орындалады. Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп, әмір етіліп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Құрбан шалудың уақыты айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға дейін жалғасады. Айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

Құрбан айт – тек дастархан мәзірі мен мерекелік демалыс емес. Бұл – әрбір адамның өз жүрегіне үңіліп, мейірімділік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңіретін кезеңі. Адамның бойындағы тәкаппарлық пен өзімшілдік жуылып, орнына иман мен кішіпейілділік ұялайды.

Құрбан айт – терең рухани мәні бар, адамды ізгілікке, мейірімділікке, тақуалыққа тәрбиелейтін ерекше уақыт.

Құрбан айттың негізінде Аллаға деген мойынсұну мен ықылас жатыр. Кәміл сенім арқылы адам баласына «Алланың разылығы бәрінен жоғары» деген тағылым беріледі. Яғни, бұл күн – пенденің Жаратушыға деген сенімін, шынайы ықыласын нығайтатын мүмкіндік.

Мерекенің тағы бір тағылымы ол – шүкіршілік. Өзіне берілген ризық-несібе үшін Жаратушыға алғыс білдірудің, бас июдің көрінісі.

Айт күндері қоғамдағы әлеуметтік байланыстар барынша беки түседі.

​Құрбандық еті үшке бөлініп, оның басым бөлігі мұқтаж жандарға таратылады. Бұл – қоғамдағы бай мен кедейдің арасын жақындатып, бір-біріне деген құрметін арттырады. Жағдайы төмен отбасылардың, жетім-жесірлердің көңіліне қуаныш ұялап, олар өздерінің қоғамда жалғыз емес екенін сезінеді. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді жеңуге тәрбиелейді.

​Өз малыңды немесе адал еңбекпен тапқан қаражатыңды Алла разылығы үшін жұмсап, өзгелерді қуанту – іштегі сараңдық пен дүниеге деген тым қатты құштарлықты, нәпсіні тізгіндеудің ең жақсы жолы.

Айт – әрбір жанның рухани тазаруына мүмкіндік беретін ерекше мейрам. Өкпе-реніштерді ұмытып, татуласатын кезең. Араздық-назы бар ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірін айтпен құттықтап, өткен өкпесін кешіреді. Ағайын мен көрші-қолаң арасында «айтшылап» бару, жақсы тілектер айту, балаларға айттық-сыйлықтар беру, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу адамдарды етене жақындастырады.

Құрбан айт – тек діни рәсім ғана емес, ол – тәрбиелік мәні зор, адамды рухани кемелденуге жетелейтін мереке. Оның тағылымы – ықылас, мейірім, сабыр, кешірім және шүкірлік. Осындай асыл қасиеттерді бойымызға сіңіре білсек, қоғамымыз да ізгілікке толы болары сөзсіз. Мейірім мен кешірім бар жерде адамдар арасында шынайы сенім ұялап, қоғамның іргесі беки түседі. Адалдық – адамдықтың шынайы көрінісі. Қоғамдағы әр адамның өзара қарым-қатынасында мейірім мен кешірімнің салтанат құруы – өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі. Олар да қатыгездіктен алыстап, әділдік пен адалдықты өмірлік серік етіп өседі. Шын мәнінде, әрбір адам өз ісіне, айналасына және өзіне адал болуды дәл осы мейірімнен бастаса, қоғамның сауығып, ізгілене түсері сөзсіз. Сөзбен емес, іспен көрсететін осындай ізгі қасиеттер ғана еліміздің берік тірегіне айнала алады деген сенімдемін.

 

Бектұрсын Уәлиев,

                                            Қостанай облысының Бас имамы