Баршаға мәлім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үкіметке «Торғай өңіріне айрықша көңіл бөлу» туралы тапсырма берген болатын. Үкімет тапсырмаға сай өңірді дамытудың кешенді жоспарын жасады.
Қазіргі таңда «Арқалық әуежайын қайта құру жобасы» жоспарға сай жүзеге асуда. Аэропорт құрылысының барысымен қалаға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Үкімет аппаратының аймақтық инспекторы Т. Испулов қала әкімі Ә. Асановпен бірге арнайы барып танысты.
Жалпы алғанда: «Тәуелсіз қазандығы бар әуежай терминалының құрылысы І кезеңі» жобасының сараптамалық құны 7,8 миллиард теңге. «Рульдік жолақ және перронды қайта құру» жобасының құны 10,2 миллиард теңге. «Тәуелсіз қазандығы бар терминал құрылысы II кезеңі» жобасының құны 2,5 миллиард теңге.
Бүгінде терминал құрылысы аяқталып, диспечерлік пункт жоспарлы түрде бой көтеріп жатыр. Құрылысшылар барлық жұмыстарды белгіленген жоспарға сай жүзеге асыруда. Жоспар бойынша Арқалық аэропортының құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында толық аяқталады деп күтілуде.
Терминалдың жобалық қуаттылығы — сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсетуге арналған. Шағын әуе кешені 60 — 70 орындық ұшақтарға қызмет көрсетеді.

Мамандардың айтуынша әуежайда алғашқы кезекте «Қостанай – Арқалық» және «Астана – Арқалық» бағыттары іске қосылатын болады.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
