Қостанайлық қауым Құрбан айтты қарсы алды

Қостанайлық қауым Құрбан айтты қарсы алды

Бүгін Қостанай жамағаты таң-азаннан Аймағамбет қажы Спанұлы мешітіне жиналып, қадірлі мейраммен бір-бірін құттықтасты.

Құрбан айт — әлемдегі барша мұсылман қауымының асыға күтер ұлық мейрамдарының бірі. Сондықтан Ислам дінін қадірлеп-қастерлейтінқауым ерте дайындық жасайды. Ал құрбандық шалу айт намазынан кейін іске асатыны қалың жұртшылыққа аян.Сол себептен облыс орталығының мұсылман жамағаты таң атпастан мешіт ішін лық толтырды. Сол жерде халықтың бұрнағы жылдардан да көбірек жиналғаны айтылып жатты.Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша нөпір жамағат сәждеге бас қойып, айт намазын оқыды. blankОсыдан кейін Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз алып, көпшілікті мейраммен құттықтады, мазмұнды уағызына ұйытты.blank

«Аса қадірлі жамағат, барша мұсылманның ұлық мейрамы құтты болсын. Бұл мал сою, ет таратумен ғана шектелетін мейрам деп ойласақ, қателесеміз. ​Мұсылман адам құрбандықты мақтану немесе ауқаттану үшін емес, тек Алланың разылығы үшін шалады. Нәпсіні тәрбиелеп, мал-мүлкінен қиып садақа беру арқылы бойындағы сараңдықтан арылады. Бұл — пенденің Жаратушыға деген шексіз махаббаты мен сенімін паш ететін құлшылық. Пайғамбарымыз: «Кім де кім мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Сондықтан ​өз малыңды немесе адал еңбекпен тапқан қаражатыңды Алла разылығы үшін жұмсап, өзгелерді қуанту – іштегі сараңдық пен дүниеге деген тым қатты құштарлықты, нәпсіні тізгіндеудің ең жақсы жолы», — деді бас имам.

Ол құрбан шалудың ереже-шарттарын да ағайын есіне сала кетті. Бастысы, таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Ал сойылған соң ет үшке бөлініп, басым бөлігі жоқ-жітік немесе мұқтаж жандарға беріледі. Ел ішіндегі ауқатты мен кедейдің арасын жақындастыратын астар-мәнге, қуат-күшке ие мейрам екені осыдан-ақ аңғарылады.blank Құрбан айттың алғашқы намазынан кейін көпшілік жамағатқа айттық шай берілді. Жиылған жұрттың көңіл-күйін көтере түсу үшін жыршы-термеші, айтыскер азаматтар тағылымды ән-жыр айтып, мейрамның ажарын аша түсті.blankblankblankblankblankblankblankblankblankblankblankОсыдан соң бас имам Бексұлтан қажы құрбандық шалу орны ретінде белгіленген «Амиго» мал базарына барып, дұға оқып, ниетті жандардың сауапты ісіне берекет тіледі.blankblank

Жанайым Балғынбекқызы,

ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков