Қаладағы Н. Островский атындағы кітапхана қабырғасында «ZEYIN QOSTANAI» оқырмандар клубы мүшелерінің алғашқы кездесуі өтті. Жанына кітапты серік еткен, ойы сергек, ізденісі терең жандар бір шаңырақ астында жиналып, ортақ құндылық – әдебиет төңірегінде әңгіме өрбітті.
Алғашқы кездесудің өзі-ақ бұл бастаманың кездейсоқ емес, саналы әрі жүйелі жобаның бастауы екенін аңғартты. Кездесу барысында, клубтың жаңа мүшелері бір-бірімен танысып, өздерінің кітап оқуға деген көзқарастарымен, әдеби талғамдарымен бөлісті.

Кездесудің негізгі талқысына жерлесіміз, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» атты философиялық-психологиялық туындысы таңдалды. Адам жанының күрделі иірімдерін, ар мен парасаттың, ізгілік пен ішкі қайшылықтың майданын бейнелейтін бұл шығарма оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырды.
«Кітапты жалғыз оқығанда бір әсер аласың, ал осындай ортада талқылағанда, мүлде басқа қырынан ашылады екен. Әр адамның пікірі ойыңа ой қосады. Қазіргі уақытта терең ойға жетелейтін, мәнді әңгіме айтатын орта аз. «ZEYIN QOSTANAI» сол олқылықтың орнын толтырады деп сенемін», – дейді кітапхана оқырманы Гүлзада Төленді.
Бұл бастаманың негізгі көздегені кітап оқитын ортаны қалыптастыру, әдебиетке қызығушылықты арттыру және кітапханаға тұрақты оқырмандар тарту дейді кітапхана қызметкері.
«Мақсатымыз – кітапты өмір салтына айналдырған орта қалыптастыру. Оқырмандар тек келіп кітап алып кетпей, осында ой бөлісіп, пікір алмасатын, рухани байланыс орнататын қауымдастыққа айналса дейміз», – дейді Н. Островский атындағы қалалық кітапхананың кітапханашысы Ерназар Есенгелді.
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті
