Оқушылар қашықтан оқиды

Оқушылар қашықтан оқиды

Облыстың оңтүстік аудандарында қолайсыз ауа райына байланысты мектеп оқушылары бірінші ауысымда онлайн форматта білім алды. Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарында мұндай шешімнің қабылдануына желдің қатты соғуы себеп болған.

Білім бөлімдерінің мәліметінше, өңірде желдің жылдамдығы секундына 10 метрге дейін жеткен. Бұл оқушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, дәстүрлі сабақтар уақытша тоқтатылып, қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Арқалық қаласының мектептері  екінші ауысымдағы тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушылар үшін сабақты онлайн форматта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Бұл шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қолға алынып отыр. Білім беру процесі штаттық режимде жалғасуда, сабақтар бекітілген кестеге сәйкес қашықтан өткізіледі.

Ауа райы тұрақталғаннан кейін мектептер дәстүрлі оқу форматына қайта оралады.