Тіл мен дәстүр. Қостанайда осы екі құндылықты дәріптеуге арналған байқау ұйымдастырылды. Төрт команда қатысқан сынның жеңімпазы – «Асыл мұра» тобы.
Байқауды «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында «Тілдарын» тілдерді дамыту орталығы өткізді. Сайыста әртүрлі сала өкілдері – журналистер, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер және құқық қорғау мамандарынан құралған «Асыл Мұра», «Наурыз», «Қазыбек би» және «Қазына» атты төрт топ өнер көрсетті.
«Білгенге – маржан, білмегенге – арзан» кезеңінде қатысушылар қазақтың шешендік өнеріне негізделген көріністер қойса, «Сөз мәйегі – мақал» бөлімінде тақырыптық мақал-мәтелдердің жалғасын тауып жарысты. «Ойлы болсаң, тауып көр» кезеңінде жұмбақ шешіп, «Кім жаңылыспайды?» бөлімінде берілген жаңылтпаштарды дұрыс әрі жылдам айтуға тырысты.
Байқау басында Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ұлттың ұлы мұраты – рухани тұтастық пен мәдени сабақтастықты сақтау болса, шешендік өнер мен тіл – сол ұлы мақсатқа жетудің айқын жолы», – деді ол құттықтау сөзінде.
Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасы қатарында белгілі ұстаз Биалаш Сүйінкина, «AMANAT» партиясы филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Жанар Қойшинова және Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Аслан Ембергенов болды. Олар қатысушылардың жауаптарының мазмұндылығына, көркем сөйлеу мәнеріне және уақытты тиімді пайдалануына ерекше назар аударды. Нәтижесінде үздік өнер көрсеткен командалар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Жаңылтпашты, жұмбақтарды есімізге түсіріп, біраз ой серпілтіп алдық. Бастамашы болған «Тілдарын» орталығына алғысым шексіз. Біздің топтағы төрт адам әр жақтан болғанымызбен, байқау ережесі қолымызға тиген күннен бірлесе дайындалуға кірісіп кеттік. Жақсы әзірліктің нәтижесіне өздеріңіз де куә болдыңыздар», – дейді байқау жеңімпазы, Жітіқара аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Тынышкүл Медетбаева.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың ұлттық рухты нығайтып, мемлекеттік тілді насихаттауға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Асыл ҚАСЫМ