Қазақтың өнер қуған бір ұлы

Қазақтың өнер қуған бір ұлы

Бала күнінен таудай талабымен танылып, беделді бәсекелерде топ жарған талант, халықаралық фестивальдердің лауреаты Нұржан Жақсан алғаш рет өзінің жеке шығармашылық кешін берді. Нұржан концертін «Қазақтың өнер қуған ұлымын» деп атапты.

Өзі көп жылдардан бері еңбек ететін киелі шаңырақ Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының концерт залына келген көрерменнің қарасы да аз болмады. Концерт барысында жиналған қауым жанғалы жайлы сазды ән тыңдап, қазақтың қаршадайынан өнер қуған бір ұлының өнеріне тәнті болды.

Нұржанның өнерге деген құштарлығы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ айқын сезіліпті. Алғаш рет облыстық «Жігіттің сұлтаны» байқауында үлкен сахнада өнер көрсетіп, жүлдегер атанады. Оның қабілетін байқаған сол кездегі «Армандастар» ансамблінің жетекшісі Әлия Ерғалиева тәлімгерлік етіп, әншілік дарынының ұшталуына айтарлықтай септігін тигізеді.

Сол жылдары «Әнші балапан»  республикалық байқауында топ жарып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші-сазгер Марат Омаров  өзіне шәкірт  етіп қабылдайды. Уақыт өте келе ол халықаралық «Айналайын» фестивалінде, Юрий Николаев жүргізетін  көпке танымал «Утренняя звезда» фестивалінде  ерекше көзге түсті. Швеция, Финляндия елдеріндегі және Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы бәйгелерге қатысып, қазақ әндерін өзге мемлекеттерге танытты.

Білуімізше, бүгінгі кештің ақ қар жапқан ақпан айында өтуі де бекер емес екен. Нұржанның өзі ақпан айында туыпты. Содан да болар алғышқы кешін ақпанның ақ кешінде өткізді. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясына қабылданып, «эстрада әртісі» мамандығы бойынша білім алады. Қазіргі кезде филармонияның белді солисі.

Өнерпаздың жүрегі ұлтым деп соғатынының дәлелі кеш иесі концертін «Жүрегің қазақ» әнімен ашты. Нұржан репертуарға талғаммен қарайтын әнші. Әсіресе, халық әндерін эстрада нақышына келтіре шырқап, көрермен жүрегін баурап алатынын байқадық. Кеш барысында халық әні «Ақ жайнақты» да талғаммен өңдеп, жаңаша формада ұсынды.

Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары да қолдай білді. Нұржан жеке әнмен қатар Нұрғисса Тілендиевтің «Құстар әнін», «Саржайлауын» камералық хормен бірге де тамаша орындап шықты.

Өнерпазды  құттықтау үшін облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева келіп, облыстық мәдениет басқармасы басшысының Алғыс хатын табыстап, өнерге қосқан үлесі үшін алығысын жеткізіп, ыстық лебізін білдірді.

Таудай талабы тай күнінен танылған Нұржанды жерлес ағалары үнемі қолдап, бүгінде әріптес-іні болып кеткен. Нұржанның концертін ұйымдастыруға мұрындық болған жанашыр ағасы, Мәдениет саласының үздігі,  Манапбек Кәдіров «Сыған серенадасын» тарту етсе, филармония солисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Серік Әбілев «Как молоды мы были», «Қарағым-ай» әндерін орындап, кеш иесіне ақ жол тіледі. Сонымен қатар халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты «Костанайские зори»  би ансамблі «Қаражорғаны» қыздырып, филармония солисі Руслана Пономарева Үлебай Әнетовтің «Дудар-ай» әнін сызылтты.

Кеш барысында тамаша әннің тұсауы кесілді. Нұржанның әкесі Қостанай қаласының құрметті азаматы, журналист, жазушы Оразалы Отынбайұлы ән айтпағанымен, мәдениет, өнер жайлы өндіре жазып жүрген қаламгер. Ол кісі досы Иса Омармен бірге «Түсіңе мен енемін» әнін жазыпты. Осы тамаша туындыны бірінші рет Нұржан баласы орындап, көрерменге тарту етті. Бала қанша жетістікке жетсе де әкенің асқақ тұлғасы алдында аласа. Бүгінгі концертте отырған белгілі қаламгер Оразалы ағамыз елдің баласы болып кеткен ұлына әкелік батасын берді. Баласы болса әке құрметіне «Жаным әкем» әнін арнады.

Кеш барысында “Қағаз кеме», «Өмір-Өзен», «Қызғанышым», «Дождь» сияқты әндер шырқалып, залда отырған жастар қосылып отырды. Концерт соңында Нұржанның өнерде бірге жүрген замандастары мен достары «Досым бар» әнін қосыла орындап, кешті ерекше көңіл-күймен аяқтады.

Бұл концерт қазақ өнеріне үлкен үлес қосқан Нұржан Жақсанның алғашқы шығармашылық кеші ғана емес, оның алдағы уақытта да мәдениет пен өнер саласында табысты жолын жалғастыратынын көрсететін үлкен қадам болды. Нұржанның таланты мен еңбекқорлығы, өнерге деген адалдығы оның болашақтағы жетістіктерінің кепілі екені сөзсіз.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек

Жаңалықтармен бөлісу