Қостанай облыстық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған «Әжелер алқасы» жастарға ұлттық тәрбие беріп, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Ақ жаулықты аналар Рысты Ерденқызы, Ақдәмен Әбдуәлиқызы, Ұлжамал Сейдалина, Райхан Нарынқызы қоғамда қордаланған мәселелерді ортаға салып, өз ойларын білдірді.
Әжелердің рөлі әлсіреп барады. Ұлжамал Сейдалина қазіргі аналардың жұмысбастылығын, зейнетке кеш шығатынын айтып:
«Әже – үйдің қазығы. Отбасылық тәрбие бізден басталады», – дейді.
Жас отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау керектігін айтты.
Райхан Нарынқызы әжелердің рөлін заманауи технологиялар ығыстырып, немерелерге бөлінетін уақыттың азайғанын айтады.
Келін мен енені араздастыратын әлеуметтік желілердің ықпалын сынға алып, «Келін – әулеттің болашағы» дейді.
Рысты Ерденқызы «Келінді кері итермей, өзімізден бастап тәрбиелеуіміз керек» деп, отбасындағы үйлесімділіктің маңызын атап өтті.
«Отбасында сырласу жоғалды, ерлі-зайыптылар телефонға үңіліп, бір-бірімен сөйлеспейді» деп алаңдайды.
Қазақы сана қалыптасу үшін жоғарыдан талап пен отбасылық тәрбиенің қатар жүруі маңызды екенін жеткізді.
Ақдәмен Әбдуәлиқызы ажырасудың басты себебі – түсініспеушілік пен жауапкершіліктің болмауы екенін айтып, өзі де жолдасымен ажырасып, кейін қайта қосылғанын мысал етеді.
Әжелер алқасы ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды сақтауға, жастарға дұрыс бағыт беруге бар күшін салуда. Толығырақ газетіміздің бүгінгі санынан оқыңыздар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек