Қостанайдағы «Miras» аймақтық кеңесінің отырысында маңызды әлеуметтік тақырыптардың бірі – қандастар мен қоныс аударушылардың жай-күйі қаралды.
Басқосуда өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңгерімсіздігі мен демографиялық жағдайды жақсарту мәселелері көтерілді. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова баяндады.
Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап Қазақстанда ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

«Бұл бастама еңбек тапшылығы бар өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз етуге және өңірлік демографиялық теңгерімсіздікті шешуге бағытталған. Соңғы он жылда халқы жыл сайын 2%-дан астам өсіп жатқан және халық тығыздығы шаршы километрге 6,4 адамнан асатын өңірлерден азаматтардың қоныс аударуы белсенді түрде жүріп жатыр», – деді Динара Қарымасақова.
Мұндай «шығу өңірлері» қатарында Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары бар.

Ал қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер ретінде Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары белгіленген.
Қоныс аударуға жұмыс іздеп жүрген азаматтар, жұмыссыздар, қандастар, сондай-ақ жұмыс берушілер қатыса алады. Ерекше атап өтетіні – «Серпін» және «Жарқын Болашақ» жобаларының түлектері де бағдарламаға қатыса алады.
Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға бірнеше бағыт бойынша қолдау көрсетіледі.
Отбасы басшысы мен әрбір мүшесіне 70 АЕК көлемінде көмек беріледі.
Тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтер шығындарын жабуға арналған субсидиялар да қарастырылған.
Қалалық жерге көшкендер үшін – 20-30 АЕК, ауылдық жерге көшкендерге – 15-21 АЕК белгіленіп отыр. Бұл көмек тұрғын үй сатып алғанға дейін 12 айдан аспайтын мерзімде төленеді.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты 2023 жылдан бастап енгізілген. Бұл сертификат қоныс аударушыларға немесе қандастарға тұрақты тұратын елді мекеннен тұрғын үй сатып алу үшін беріледі. Оның көлемі тұрғын үй құнының 50%-ы. Бірақ 1160 АЕК-тен аспауы тиіс деп көрсетілген.
Қоныс аударуға ниетті азаматтар өңірлік квотаға енгізілгеннен кейін алты ай ішінде мемлекеттік қолдау шараларына өтініш беруі керек. Бұл бастама тек халықты теңдей орналастыру емес, сонымен қатар жаңа өңірлерде жұмыс орындарын толықтыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды теңестіру мақсатын көздейді.
Осылайша, «Miras» кеңесі қандастар мен ішкі көші-қонға қатысты мәселелерді тұрақты түрде талқылап, олардың тиімді шешілуіне атсалыса бермек.
Кеңес мүшесі Нәзира Жәрімбет елімізге қоныс аударатын қандастар үшін алдын ала форум ұйымдастыруды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай шара қандастарға нақты ақпарат беріп, оларды жұмыспен қамту мүмкіндігі жоғары, квота қарастырылған өңірлерге бағыттауға сеп болады.

«Қандастар кейде квотасы аз өңірлерді таңдап жатады. Салдарынан қиындықтар туындайды. Ал егер форум арқылы жұмыс күші қажет, әлеуметтік қолдау қарастырылған аймақтармен танысып шықса, олар дұрыс шешім қабылдай алады. Бұл өз кезегінде мемлекет пен азамат үшін де тиімді болады», – деді Нәзира Жәрімбет.
Ол сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлеріндегі тәжірибені Қостанайда да енгізуді ұсынды.
Кеңес төрайымы Кенжеш Орзағалиқызы отырыста көтерілген барлық ұсыныс пен пікір хаттамаға енгізілетінін және тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын мәлімдеді.

«Бұл мәселелер назардан тыс қалмайды. Қандастардың елге бейімделуі – мемлекет үшін маңызды бағыт. Кеңес бұл бастамаларды әрі қарай да бақылауда ұстайды», – деді ол.
Мұндай бастамалар елге оралған азаматтардың қоғамға тез сіңісіп, өз орнын табуына үлкен сеп болмақ.
