Облыстық Әділет департаменті өңірдегі заң қауымдастығымен бірлесе заң клиникасын қайта жандандыруда. Осы мақсатта Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалында кезекті клиниканы ашты.
Бұл университеттің профессорлары мен оқытушылар құрамы өте жоғары деп бағаланып отыр. Студенттері де белсенді. Жазғы демалыста аталған оқу орнының шәкірттері әділет департаментімен бірлесе «Халық заңгері» әлеуметтік акциясын нәтижелі өткізген.
Бірлескен жобалар оқу жылының соңына дейін жалғаспақ. Облыстағы заң қауымдастығы аталған көрсеткіштерді ескере келе заң клиникасын Члябі мемлекеттік университеті Қостанайдағы филиалының базасында ашуға тоқталыпты.

«Бүгін заң клиникасының жұмысы қайтадан жанданып отыр. Бұл қадам клиниканың тынысын кеңейтіп, жаңа кезеңге жол ашады деген ойдамын. Себебі клиника осыдан 10 жыл бұрын ашылған еді. Бір уақыттары оның жұмысы саябырсып, арада азғантай үзіліс орнады. Биылдан бастап қайта күшейтіп, белсенділігін арттыруға күш саламыз»,-деді Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова.
Биылғы жазда әділет департаменті мен облыстық адвокаттар алқасы, нотариаттық палата, жеке сот орындаушылар палатасы, заң кеңесшілерінің екі палатасынан құралған заң қауымдастығы ЧелМУ Қостанай филиалымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум бекіткен. Облыстың білікті заңгерлері тәжірибеден өткуге ниет білдірген студенттерге тәлімгер болуға дайынбыз деп отыр. Қостанай аумағында 1500-ден астам заңгер бар. Соның ішінде 300-ден астам адвокат, 200-ден аса нотариалдық қауымдастық, 100-ге жуық жеке сот орындаушы, заң кеңесшілерінің екі палатасы бар. «Заңгер» және облыстық палата 600-ге жуық кәсіби маман жұмыс істеуде.

«Біз өз пайдамыз үшін жұмыс істеудің қандай маңызды екенін білеміз. Ал қоғамда заң мен тәртіп болмаса бас пайдамыз үшін еңбек етудің құндылығы шамалы. Осы ойды студенттерге айтып, түсіндіруге тырысамыз. Біз қоғам игілігіне адал қызмет ететін заңгерлерді тәрбиелеуге күш саламыз. Қазір заңгерлер көп. Заңгерлерді даярлауды доғару керек деген түсінік бар. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, нарықтық экономикада мамандардың көп болғаны жақсы және сапалы мамандарға қажеттілік артуда. Сондықтан біздің университет сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеуді бірінші орынға қояды»,-деді ЧелМУ Қостанай филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Наталья Нализко.
Университеттің 4-курс студенті Палина Рыкун заң клиникасының ашылғанын ерекше толқыныспен қабылдады.

«Мен 2-курстан бастап жекеменшік адвокаттың қарамағында оқыту тәжірибесінен өттім. Сол кезде тұрғындар көбінесе азаматтық істер бойынша кәсіби мамандардың көмегіне жүгінеді. Мүлікті бөлу, баланың тұрғылықты жерін анықтау деген сияқты мәселемен келетін. Университет базасында заң клиникасының ашылуы тұрғындар үшін пайдалы болмақ деп ойлаймын. Себебі бұл жерде халыққа тегін кеңестер берілмек»,-деді Палина.
Ашылу салтанатына Қостанай облысының адвокаттар алқасының төрағасы Рамиль Хисматуллин, нотариаттық палатаның төрағасы Азамат Баекин, жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының төрағасы Қайрат Баймұханов, «Заңгер» заң кеңесшілері палатасының басқарма төрағасы Дәурен Рахаделов қатысты.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ
