Көктем – табиғаттың жаңарып, тіршілік қайта жанданатын кезеңі. Алайда бұл мезгіл жыл сайын қайталанатын су тасқыны қаупімен де қатар жүреді. Әсіресе ауылдық жерлер үшін бұл мәселе өзекті. Осыған байланысты Амангелді ауданы әкімдігі тарапынан биылғы көктемгі кезеңге дайындық жұмыстары ерте басталып, кешенді түрде жүргізілген.
Аудан әкімі Қанат Кеделдаев атап өткендей, су тасқынының алдын алу бір күндік шара емес, ол – жүйелі еңбектің нәтижесі.
«Өткен жылдың күз айларынан бастап бірқатар нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Амангелді, Қарасу, Амантоғай, Байғабыл, Есір елді мекендерінде бұрын орнатылған қорғаныс дамбылары қайта бекітіліп, қосымша нығайтылған. Бұл шаралар елді мекендерді тасқын судан қорғауға бағытталды. Сонымен қатар ауыл ішіндегі су ағарлар тазартылып, бітелген тұстары ашылды. Бұл қар еріген кезде судың кедергісіз ағуына мүмкіндік береді. Биыл қар мөлшері нормадан 2,5 есеге төмен болғанымен, наурыз айындағы боран мен қардың жиілеуі қосымша дайындықты қажет етті. Осыған орай аудан бюджетінен қосымша қаржы бөлініп, алдын алу шаралары күшейтілді», – дейді аудан әкімі.
Жалпы бес ауылға 32 миллион теңге бағытталған. Оның басым бөлігі Амангелді ауылына қарастырылып, қалған қаражат Қарасу, Амантоғай, Үрпек және Байғабыл ауылдарына бөлінген. Бүгінде бұл қаржы толық игеріліп, қажетті жұмыстар жүргізілген. Аудан орталығында қар шығару жұмыстары әлі де жалғасуда. Себебі көктемгі кезеңге дейін қар көлемін азайту – негізгі міндеттердің бірі.
«Су тасқынының алдын алу тек техникалық шаралармен шектелмейді. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Арнайы жиындар ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар және полиция бөлімдеріне нақты тапсырмалар берілген. Ауыл әкімдері арқылы өзен бойындағы шаруашылықтар мен тұрғындарға сақтық шаралары түсіндіріліп, әр азаматтың жеке жауапкершілігі ескертілді. Қазіргі таңда аудан бойынша қажетті техника мен адам күші жеткілікті деңгейде жұмылдырылған. Жалпы саны 120–130 адамнан тұратын арнайы жасақ құрылып, кез келген жағдайға дайын тұр. Сонымен қатар фронтальды тиегіштер, шынжыр табанды трактор, экскаваторлар мен жүк тасымалдайтын көліктер жұмыс істеуде. Бірнеше ауылда қар тазалау және шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде», – дейді Қанат Кеделбаев.
Аудан көршілес Ұлытау облысы аумағымен де тығыз байланыс орнатқан. Себебі негізгі су ағыны Сарыторғай мен Қараторғай өзендері арқылы сол өңірден келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ол жақта да қар мөлшері азайған. Дегенмен мамандар бұл тек болжам екенін, кез келген жағдайға дайын болу қажеттігін ескертеді.
Жалпы алғанда, Амангелді ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – елді мекендерді су басу қаупінен қорғап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мал мен мүлікті сақтап қалу.
Ақбаян Теміржанова,
Амангелді ауданы
