Сан да, сапа да бар. Қостанайда 12 жаңа маршруттық автобус қызметке кірісті

Сан да, сапа да бар. Қостанайда 12 жаңа маршруттық автобус қызметке кірісті

Қостанайда қоғамдық көліктер қызметін ұйымдастыратын «Альтаир» өндірістік кооперативі 12 автобус сатып алды. Нәтижесінде бұл компанияның көлік паркі толықтай жаңарып отыр. Су жаңа маршруттық автобустар қызметке кірісіп те кетті. Соны техниканың сапасына облыс басшысы Құмар Ақсақалов көз жеткізіп қайтты.

Кейінгі жылдары мемлекеттің қолдауымен қоғамдық көлік парктері жаппай жаңартылу үстінде. Жолаушы тасымалдаушылар лизинг арқылы жаңа, заманауи автобустар сатып алып жатыр. Үш жыл ішінде қостанайлық парктер 90 автобуспен толыққан. Күні кеше бұлардың қатарына 12 су жаңа маршруттық көлік қосылды. Бұлар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 7 пайыз мөлшерлемемен бес жылға лизингпен берілген.blankblankblank

«Бір автобустың құны – 67,55 млн теңге. Yutong маркалы көліктер Қарағанды облысының Саран қаласында жасалған. Осы 12 автобусты сатып алу арқылы 2021 жылы басталған автопаркімізді жаңарту жоспары толық орындалып отыр. Дәл осындай маркадағы көліктерді бұған дейін де сатып алғанбыз. Сапасы да, бағасы да көңілімізден шығады. Жалпы, біз төрт маршрутта қызмет көрсетеміз. Олар – №5, 11, 12 және 38-ші автобустар. Күн сайын қалалық бағытқа 40 автобус шығады. Барлығы да қолданысына 7 жыл толмаған жаңа көліктер. Оның сыртында, резервте 2013 жылғы екі автобус бар», – деп мәлімет берді «Альтаир» ӨК төрағасының орынбасары Юрий Панасенко.

blankЖалпы, облыс орталығының қалалық және қала маңы маршруттық желісі 38 бағытты қамтиды. Күн сайын желіге сегіз компанияның 187 автобусы шығады. Олардың 151-і – жаңа көліктер. Қалған 36 автобустың «қызмет өтілі» жеті жылдан асқан. Соңғы жаңартылым нәтижесінде жаңа автобустар үлесі 81% жетіп отыр.

«Қоғамдық көліктерді жаңарту, жолаушылар тасымалын ыңғайлы әрі қолжетімді ету басым бағыт болып қала береді, – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Кейінгі жылдары лизинг тетігімен тоқсан жаңа автобус сатып алынды. Былтырдың өзінде қалаға 28 қоғамдық көлік әкелінген еді. Міне, биыл тағы 12 Yutong қатарға қосылып отыр. Жаңа көліктер үлесі 8% өсті. Мұндай жұмыстар Рудный қаласында да жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Біздің мақсат – автобус санын көбейту ғана емес, жүйенің өзін сапа жағынан өзгерту. Бұл дегеніміз – қозғалыстың реттілігін қамсыздандыру, жайлылықты арттыру, әлеуметтік маңызы бар нысандарды және жаңа шағын аудандарды көлікпен қамту».

blankӨңір басшысы жаңа автобустардың жабдықталымымен танысты. Әр көліктің сыйымдылығы – 82 орын. Іші кең, жайлы. Валидаторлар алғы-артқы кіреберістеріне орнатылған. Бейнебақылау камералары да бар. Пандусы да ыңғайлы. Мүгедектігі бар жандар автобус сыртына орнатылған арнаулы батырманы басып, жүргізушіге белгі бере алады. Жалпы, жаңаның аты – жаңа, артықшылығы көп, шығыны аз. blankblankblankblankblankЕндігі мақсат – облыс орталығындағы автобус паркін жаңғырту жоспарын жүз пайызға жеткізу. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд теңге субсидия бөлу көзделіп отыр.

«Биыл маусым-шілде айларында тағы төрт автобус сатып алу көзделіп отыр. Парктерді толық жаңартылатын кезі алыс емес. Осы бағытта жыл сайын маршруттық көліктер сатып алынып жатыр. «Альтаир» ӨК-нің өзі 2021 жылдан бері 40 жаңа автобуспен қамтылды. Мұны айтарлықтай жақсы көрсеткіш дей аламыз», – дейді қалалық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор жетекшісі Нұрдәулет Бейсенов.

blankСонымен, қызметке кіріскен жаңа 12 автобус Береке, Юбилейный, Алтын арман, Әуежай шағын аудандарына қатынайды. Қазір «Альтаир» компаниясында 115 адам жұмыс істейді. Олардың 86-сы – көлік жүргізуші. Компанияның паркі бастан-аяқ жаңарып, мәселе бес жыл ішінде толық шешімін тапты. Енді жүргізушілер құрамы «жасара» түссе, нұр үстіне нұр болмақ.blankblank

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ