Қазіргі таңда қоғамымызда діни мәселелердің өзектілігі артып отыр. Әсіресе, жастар арасында діни білімді интернет арқылы, түрлі белгісіз онлайн көздерден алу жиілеп кетті. Алайда мұндай жол әрдайым дұрыс әрі сенімді бола бермейді.
«Діни білімді интернеттен емес, гаджеттен емес, тікелей мешіт имамдарынан, білікті ұстаздардан алған дұрыс Сұрақ туындаса, оны онлайн іздей бермей, сол саланың маманына барып қойған жөн», – дейді бұл жөнінде Жайлаубай ата мешітінің наиб имамы Бақберсін Ізбасаров.
Шынында да, ұстаздан көзбе-көз отырып білім алу – ең сенімді жол. Бұл әдіс арқылы адам өз сұрақтарына нақты жауап алып, күмәнді мәселелерден аулақ болады.
Наиб имамның айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы суреттер мен жазбаларды тарату мәселесінде де сақтық қажет.
«Екінші – суреттерді тарату мәселесінде сақ болған дұрыс. Мемлекет бұл нәрсеге тыйым салып жатыр. Яғни, діни сипаттағы құттықтау суреттерін жөнсіз тарату дұрыс емес. Мұндай жағдайда қарапайым әрі дұрыс жолды таңдаған жөн» – деп ескертеді Бақберсін Ізбасаров.
Біреуді құттықтағыңыз келсе, жолығып сөйлесіңіз немесе телефон арқылы хабарласыңыз. Кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның анықтығына көз жеткізу – маңызды мәселе.
«Бір нәрсені жазбас бұрын, оны әбден тексеріп алу керек. Діни мәселелерде әсіресе абай болған жөн. Себебі әркім өз бетінше пәтуа шығарып, үкім айтуға құқылы емес. Діни басқарма бекіткен пәтуаларға ғана сүйену керек. Өз бетімен пәтуа шығаруға болмайды» – дейді ол.
Өкінішке қарай, интернет арқылы таралатын жалған немесе толық емес ақпараттар жастардың діни сауатсыздығын арттырып отыр. Бұл жағдайдың салдары да ауыр. Соның салдарынан көптеген отбасылар зардап шегіп жатыр. Қорытындылай келе, әрбір азамат діни білім алуда жауапкершілік танытып, тек сенімді дереккөздерге жүгінгені абзал.
