Олжас Нұрғалиев: «Тұрғын үйлер мен аулаларға қауіп төніп тұрған жоқ»

Олжас Нұрғалиев: «Тұрғын үйлер мен аулаларға қауіп төніп тұрған жоқ»

Күні кеше Мичурин ауылдық округінде қардың қарқынмен еруі салдарынан қарғын су көлемі артып, қауіптің шұғыл алдын алу шаралары жүргізілген еді. Осы жағдайға байланысты Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев мәлімет берді.

«Мелиоратор» бау-бақша қоғамында қардың қарқынды еруіне байланысты, қызыл су Мичурино кентінің Астана және Восточный шағын аудандарына қарай ақты. Ықтимал қатердің бетін қайтару мақсатымен Восточный шағын ауданында көше жолдарын ашу шешімі қабылданды. Бұл тұрғын үйлерді қар суынан қорғауға бағытталған амал еді. Кешкі сағат 21:30-да елді мекенде қауіпсіздік жұмыстары қызу жүргізілді.

            «Мичурин кентінде қар белсенді еріп, су ағынының артуына байланысты, қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Восточный шағын ауданындағы екі көшеде қарғын су көбейіп, 20 шақты тұрғын үйге қауіп төнген еді. Осыған байланысты көше жолдары бірнеше жерден жырылып, қарғын судың аулаларға кірмеуіне қам жасалды. Сондай-ақ еріген қар суын сорып шығару амалдары жалғасып жатыр. Оқиға орнында барлық қажетті техника және жеке құрам жұмыс істеді. Қазір тұрғын үйлер мен аулаларға қауіп төніп тұрған жоқ. Тасқын қаупі бар кезең қалыпқа түскенше алдын алу шаралары жалғаса береді», — деді Олжас Нұрғалиев.

Оның айтуынша, Қостанай-Садчиков тас жолының Восточный шағын ауданына кіреберісі қазылған. Бірақ көлік қатынасы тоқтатылған жоқ, өйткені елді мекенге кіретін баламалы жолдар бар. Ал жырылған учаскелерді жағдай толық қалпына келгеннен кейін аудан әкімдігі өз күшімен жөндемек.

Қазір қауіптің беті ары қарады. Қарғын судың кедергісіз ағуына жол ашылды. Восточный шағын ауданына қатер төніп тұрған жоқ. Көше бойында комиссия белсенді жұмыс істегенін, аулаларды аралап, ахуалды бағамдап, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіргенін айта кетейік. Оқиға орнына ТЖД құрылымы, жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметі жұмылдырылды.

Суретті түсірген – Әбіл Дощанова, «ТоболИнфо»