Өткенге құрмет, болашаққа сенім

Өткенге құрмет, болашаққа сенім

Алғыс айту күнін мерекелеу күнтізбеге сәйкес көктемнің басталуымен, табиғаттың ояну уақытымен сәйкес келетін айтулы оқиға.

Бұл күн – түрлі этностың бір-біріне және қазақ халқына көрсеткен қамқорлығы мен жанашырлығы үшін алғыс білдіретін, елдегі достық пен татулықты нығайтатын маңызды дата.

Сондай-ақ биыл 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл.

Атаулы күн Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын, азаматтар бір-біріне құрмет білдіретін күн. Мереке қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ассамблея мүшелерімен кездесіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Сонымен қатар облыс көлемінде атқарылып жатқан экономикалық жетістіктерге де тоқталды.

«Біз егемен еліміз үшін ерекше маңызы бар атаулы мерейтойлар қарсаңында жүздесіп отырмыз. Бұл мемлекеттік мерекелер Отанымыздың қалыптасу тарихымен тығыз байланысты, оған осы залда отырған көптеген азаматтарымыз куә, – деп бастады облыс әкімі өз сөзін. – Бәрімізге мәлім, Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жылдар ішінде әртүрлі этностардың өкілдерін біріктіріп, біртұтас Қазақстанның қалыптасуына ықпал етті. Бұл біздің ел тарихындағы бейбітшілікке, келісім мен бірлікке деген ұмтылысымызды көрсететін маңызды кезең. Сонымен қатар биыл біздің мемлекеттілігіміздің іргетасы, Ата Заңымыз – Конституциямызға 30 жыл толады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды жұмысшы кәсіптері жылы деп жариялады. Бұл күш-жігері еліміздің тұрақты дамуының негізі болып саналатын еңбек адамдарының маңыздылығын арттырып, еңбекті насихаттау, оларға құрмет көрсетуге бағытталуға тиіс. Осындай маңызды мерейтойлар мен атаулы оқиғалар қарсаңында Сіздермен кездесіп, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған іс-шараларыңыз бен бастамаларымызды талқылау мен үшін өте маңызды. Бүгінгі форум тек өткенімізді еске алып, болашаққа жол ашатын маңызды іс-шара емес, сонымен бірге алдағы уақытта атқаратын жұмыстарымызды нақтылап, Отанымызға деген адал қызметімізді одан әрі арттыратын мүмкіндік. Біздің міндетіміз – осы бірлікті нығайтып, барлық тұрғындарға жақсы өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Үш онжылдықта ҚХА әртүрлі этностар мен мәдениеттердің өкілдерін біртұтас тату отбасына біріктіре отырып, бейбітшілік пен келісімнің маңызды институты болып отыр.

Осы жылдар ішінде Ассамблея этносаралық келісімді нығайтып қана қоймай, көптеген елдер үшін үлгі бола отырып, толеранттылықтың қазақстандық үлгісін дамытуға зор үлес қосты. Оның жұмысының арқасында біздің мемлекетімізде барлық қазақстандықтар арасында бейбітшілік, бірлік пен өзара түсіністік сақталады.

ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасы Қалқаман Жақып құрылғанына 30 жыл толған ұйымның ерекшеліктерін айтып өтті.

«Еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеяның әлемде теңдесі жоқ. Ерекшеліктері өте көп. Соның бір-екеуін атап өткім келіп отыр. Біріншіден, басқарушысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық филиалды қамқорлығына алып отырғаны. Осы игілікті ұстанымның арқасында қомақты қаражат бөлініп келеді. Құмар Іргебайұлы, сіздің оң көзқараспен қарап отырғаныңызды өте жақсы білеміз. Этнос жетекшілерінің атынан және өзімнің атымнан рақмет айтуға рұқсат етіңіз. Екіншісі, этно мәдени орталықтар кез келген іс-шараларда біте қайнасып кетеді. Басқа облыстармен де қарым-қатынастамыз. Ол осы ассамблея заңында көрсетілген – қоғамдық келісімнің айнымас қағидасы. Бұл біздің бірлігіміз айғағы», – деді Қалқаман Жақып.

Форумда өңірдің қоғамдық белсенділері мен өз еңбегімен еленіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Облыс әкімінің қолынан мақтау алған жанның бірі – Валерий Петрович.

Ол Аманкелді ауданы, Қарасу ауылынан келген. «Кәусар» шаруа қожалығының механизаторы. Ауылды абаттандырумен айналысады.

Қыс мезгілінде техникамен жолдарды қардан тазартады. Ісіне адал, уәдесіне берік, қайырымы мол азамат. Оны ауылдағылардың бәрі де жақсы таниды. Айналасына қолынан келгенше көмегін беруге әзір. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген, жерлестерін тіл мен дәстүрді үйренуге шақырады.

Бүгін осы «Кәусар» шаруа қожалығының басшысы Сағадат Дауғарин қарамағында көп жылдардан бері еңбек етіп жүрген Валерий Петровичке облыс орталығынан бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тарту етті.

«Бұл азаматтың біздің шаруашылықта еңбек етіп жүргеніне он жылдан асты. Еңбегіне адал, істің адамы. Қандай жұмысты болмасын тиянақты орындайды. Ұлты бөлек болса да, жүрегі қазақ деп тұрады. Бүгінгі алғыс айту күніне орай осындай сый жасап жатырмыз. Ата-анадан ерте айрылған, жақын ілік туғандары жоқ. Сондықтан қалада өзінің бір баспанасы болсын деген ниетпен баспана сыйлаймыз»,– дейді Сағадат Дауғарин.

Бүгінгі кездесуге келіп, алғасын жеткізіп, марапатқан бөленген жанның бірі  Морозов.

Алексей Иванович – электромонтер. Аманқарағай ауылының Құсмұрын стансасында темір жол саласында көп жылдардан бері еңбек етеді. Ұлты – украин. Өзі Аманкелді ауданының Қызбел ауылында дүниеге келген. Бес қыз тәрбиелеп отырған отағасы ауданда өтетін қоғамдық іс-шараларға үлесін қосып, белсенді қатысып тұрады. Отбасында қазақ халқының дәстүрін сақтайды. Әр ұлттық мерекені атап өтіп, құрметпен қарайды. Өз ана тілімен қатар қазақ тілінде де еркін сөйлейді. Форумда сөз алған Морозов Алексей Иванович өзінің қазақ халқына, оның мәдениеті мен тіліне деген құрметін білдіріп, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын ерекше атап өтті. Оның осындай жүрекжарды лебізі жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі.

«Мен қазақ елінде тудым. Ұлтым өзге болса да қазақ қызын жар етіп, бес қыз сүйіп отырмын. Менің Отаным – Қазақстан. Бүгінгі мерекеде сіздермен бірге отырғаныма қуаныштымын», – деп ақжарма тілегін қазақ тілінде жеткізді.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасының қатысушылары өз өнерлерін ортаға салып, қазақ тілінде поэзия оқыды. Форум аясында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген азаматтар марапатталып, олардың еңбегі ерекше аталып өтті. Бұл жиын ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Алғыс айту күні – тек өткенге көз жүгіртіп, ризашылық білдіру ғана емес, сонымен қатар болашаққа сеніммен қадам басуға, елдегі ынтымақ пен татулықты одан әрі нығайтуға үндейтін мереке.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген – Бердіболат

Көркембаев