Қостанайда 7 анаға бата беріліп, сый-құрмет көрсетілді

Қостанайда 7 анаға бата беріліп, сый-құрмет көрсетілді

Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған “30 жылдыққа – 30 нәрестеге бата беру” атты игі шара аясында жаңа босанған 7 анаға бата беріліп, арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұл бастама – аналарға құрмет көрсету, оларға рухани демеу беру және ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында қолға алынған.

Аталған шараға Қостанай облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңесінің мүшелері, медицина қызметкерлері қатысты. Жаңа өмірге қадам басқан сәбилер мен олардың аналарына жылы лебіз айтылып, ақ бата берілді.

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып өз сөзінде:

“Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында дүние есігін ашқан нәрестелер еліміздің ертеңіне өз үлесін қосатын саналы азаматтар болып өссін. Бұл сәбилер – болашақтың иесі, елдің ертеңгі тірегі. Сондықтан әрбір ана мен балаға мықты денсаулық, амандық, мол бақыт тілейміз. Ана – өмірдің мәні, ұрпақтың тәрбиешісі, қоғамның тірегі. Сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз!” – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Аналар кеңесі атынан сөз алған Есеева Гания жас аналарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді:

“Ана болу – әрбір әйел үшін ең үлкен бақыт. Жаңа өмірді дүниеге әкелу – тек қана қуаныш емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Біз, аналар, осы жауапкершілікті сезініп, сәбилерімізді мейірім мен сүйіспеншілікке бөлеп өсіруіміз керек. Бүгінгі шара – аналарға деген құрметтің жарқын көрінісі. Жаңа туған нәрестелеріміз аман-есен өсіп, еліміздің арқа сүйер азаматтары болсын!” – деп ақжарма тілегін жеткізді.

Жас ана Әлия Балабай медицина қызметкерлеріне ерекше ризашылығын білдірді:

“Мен дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Олар бізге барынша қамқорлық танытып, шынайы жанашырлықпен қызмет етеді. Бүгін – мен үшін ерекше күн, өйткені ҚХА-ның 30 жылдығы аясында балам бата алып, құрметке ие болып жатыр. Осындай жылы лебіздер мен шынайы ықылас үшін зор алғысымды айтамын!” – деп, өз қуанышын жеткізді.

10 жылдан астам уақыт медицина саласында қызмет етіп келе жатқан мейірбике Кенжегүл Ахмет:

“Бүгін көктемнің алғашқы шуақты күндерінің бірі – Алғыс айту күні. Бұл мейрамның мәні зор. Бізді құттықтауға арнайы келген ҚХА өкілдеріне зор ризашылығымызды білдіреміз. Аналарымызға бата беріліп, жаңа туған сәбилерге ақ жол тілегендері – жүрекке жылу ұялататын керемет бастама. Берген баталарыңыз қабыл болсын! Бүгінгі күн баршамыздың есімізде қалары сөзсіз,” – деп, ерекше әсерімен бөлісті.

Қостанайда өткен бұл ізгі шара “30 жылдыққа – 30 нәрестеге бата беру” атты кең көлемді акцияның бір бөлігі болды. Бұл бастама Қостанай облысының 16 ауданы мен 4 қаласында бір күнде дүниеге келген нәрестелерді қамтып, әр аймақтағы перзентханаларда жаңа босанған аналарға құрмет көрсетілді.

Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен аналар кеңесінің өкілдері аймақтың әрбір перзентханасында жаңа туған нәрестелерге ақ жол тілеп, аналарына сый-сияпат табыстады. Бұл шараның басты мақсаты – қазақтың ізгі дәстүрлерін жаңғырту, аналарға ерекше көңіл бөліп, сәбилердің болашағына ақ тілек арнау.

Жас аналар мен медицина қызметкерлері бұл шарадан үлкен әсер алып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. ҚХА өкілдері осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Бұл іс-шара – Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлік, бейбітшілік және ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы игі істерінің бірі. Осындай жылы жүздесулер мен қайырымды шаралар қоғамдағы татулық пен мейірімділікті нығайтып, болашақ ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

Балауса Жүніс

Суретке Жансая Сәбитбек түсірді

 

 

Жаңалықтармен бөлісу