Береке және Әуежай шағын аудандарының арасын қосатын автожолдың ашылғанына 3 жыл болды. Теміржол өткелін басып өтетін бұл бағыт біраз жолаушының шаруасын жеңілдеткені рас. Алайда, тұрғындар пойызды күтіп тұрып қалатындарын айтып, жиі шағымдануда. Қала әкімі Марат Жүндібаев осы мәселеге қатысты ресми түсініктеме беріп, сан сауалға нүкте қойды.
Аталмыш жол 2023 жылы салынған. Әуелде ҚТЖ темір жол арқылы өткел салуға рұқсат бермеген. Себебі – қауіпті. Жергілікті билік теміржол ұйымымен кездесіп, мән-жайды талқылап, жаңа бағыттың құрылысына рұқсат алды. Нәтижесінде екі жолақты жол салып, жаңа шағын аудандарды тікелей байланыстыруға мүмкіндік туды.
«Көпшілік «Не үшін 4 жолақ емес?» деп сын айтады. Мәнісін түсіндірейін. Бізге рұқсат бергені екі жолақ ғана. Ал оны төртеуге кеңейту мүмкін емес. Маневрлік пойыздар уақытымен жүруі тиіс. Біз оған кедергі келтірмеуіміз керек. Сондықтан халық пойыздардың өтетін уақытына үйренісіп, соған сәйкес қимылдағаны дұрыс. Ұзындығы 1,1 шақырымдық жол – көлікке, велосипедшілерге және жаяу жүргіншілерге қатар арналған», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Шаһар басшысы жергілікті полиция қызметі мен Қостанай облысының жол активтері сапасының ұлттық орталығымен бірлесе аталған бағыттың тиімділігіне қатысты зерттеу жүргізген. Жол бойына арнайы пост қойып, мамандар көлік ағынының күнделікті есебін тіркеді.
«13 қазан жұмыс күні таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін 12 сағат ішінде аталған жолдан 13 мың автокөлік әрлі-берлі өткен. 14-қазанда жол активтері сапасының ұлттық орталығы Ford автокөлігінің базасында жылжымалы лаборатория орнатты. Оның бақылауынша 10 500 транспорт өткен, соның 9 648-і жеңіл көлік. Оған қоса 29 автобус, 805 жүк көлігі, 15 мотоцикл назарға ілікті. Салыстыру үшін Назарбаев – Бородин көшесіндегі қозғалысқа да бақылау жасалды. Назарбаев даңғылымен күніне 34 258 көлік жүреді. Сол жердегі кішкентай жолдың өзінен 10 500 көлік өтеді. Егер, теміржол өткеліндегі қосымша жолды іске қоспағанымызда Назарбаев даңғылына кәдімгідей салмақ түсетін еді. Жағдай бәріне түсінікті болу үшін айтып отырмын», – деді қала әкімі.
Дәл осындай есеп сенбі-жексенбі күндері де ұйымдастырылыпты. Оның қорытындысы да жоғарыдағы нәтижеге сәйкес. Бір күннің ішінде темір жол өткелі 21 рет жабылған, яғни реттегіш бағдаршам осыншама рет көліктерді уақытша тежеген.
«Мен де бұл жолмен күніне екі-үш рет өтемін. Әрі кетсе 15-16 минут пойызды күтіп тұрып қаламыз. Негізінде ол жерде орташа есеппен 5 минут ғана бөгелесіз. Ал маневрлік пойыздардың қозғалыс кестесін өзгерте алмаймыз. ҚТЖ бұл ойымызды нақтылады. Егер пойыз өтіп кеткенше күткіңіз келмесе айналма жолмен жүруді ұсынамын. Не десек те, теміржол өткеліндегі күре жолдың пайдасы бар. Жаңа шағын аудандардың арасын тікелей жалғап, Назарбаев даңғылына түсуі мүмкін қосымша жүкті азайтып отыр», – деді Марат Жүндібаев.
Теміржол өткелінде жаңадан салынған бұл жолда келеңсіздіктер бары рас. Пойыздың өтетін уақытына дөп келсеңіз, жол бойында күту тұруға тура келеді. Бұл мәселе эстакада салынған уақытта түбегейлі жойылады деп сенеміз. Болашақта қала бойынша үш эстакада бой көтереді. Соның үшеуі де жаңа шағын аудандарды қаланың орталығымен байланыстыру мақсатын көздейді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
