Арқалық кәсіпкерлері қала экономикасын дамытуға зор үлес қосуда

Арқалық кәсіпкерлері қала экономикасын дамытуға зор үлес қосуда

Арқалық қаласында бүгінде 2 мың 200-ден астам кәсіпкерлік нысаны белсенді жұмыс істеп, өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді.

Аталған тұлғалардың мерекесі 2015 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің қабылдануымен байланысты екенін білеміз. Осыған орай қала әкімі Әмірхан Асанов бизнес және кәсіпкерлік өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, олардың ел экономикасын дамытудағы еңбектеріне жоғары баға берді.

blank blank blank blank

Қала басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау – экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Соның нәтижесінде Арқалықта өнеркәсіп пен шағын бизнес саласы жыл санап дамып келеді.

Биылдың өзінде 30 миллиард 364 миллион теңге көлеміндегі инвестицияға 4 жоба жүзеге асырылып, 77 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жалпы құны 175 миллион теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып, нәтижесінде тағы 39 адам жұмыспен қамтылды.

blank

«Кәсіпкерлердің қолдауымен биылғы жылдың өзінде шағын футбол алаңы салынып, Ә. Боранбаев атындағы кинотеатрда Жастар орталығын ашу үшін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қала мен қалаға қарасты ауылдардан тозығы жеткен және қараусыз қалған ғимараттарды бұзып шығару және рұқсат етілмеген қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтарды жою  жұмыстары  атқарылды. Сондай — ақ,  кәсіпкерлеріміз көмекке мұқтаж балаларға арналған оңалту орталығына қажетті құрал-жабдықтар және жиһаздармен қамтамасыз етіп, сауапты істерімен танылды. Жомарт жандар мәдени-көпшілік іс-шараларда белсенді қолдау көрсетеді. Ұлттық домбыра күні, Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы мен XXXIX облыстық спартакиадасына арналған мәдени-қоғамдық іс-шаралардың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Осылайша, кәсіпкерлер қаланың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, әлеуметтік және мәдени салалардың дамуына да елеулі үлес қосып отыр.

blank blank

Мерекелік шараның соңы Астана қаласынан арнайы келген танымал отандық әнші, ақын-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлының концерттік бағдарламасына ұласты. Ән мен жырға толы кеш мерекенің сәнін келтіріп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы