Ұрпақ сабақтастығын үзіп алмайық

Ұрпақ сабақтастығын үзіп алмайық

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов Қостанай облысына арнайы іссапармен келді. Өңірдің белді ақсақалдарын жинап, ұрпақ тәрбиесі төңірегінде тағылымды кездесу өткізді.

«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбие, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген қанатты сөз бар. Демек, ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағымен астасып жатыр деген сөз. Ал оған енжар қараған ата-ана ертең-ақ сан соғады. Ата буын өкілдерінің кейінгі ұрпақ қамын ойлап, жоспарлы түрде баланың денсаулығына, біліміне көңіл бөліп, тәрбиені бүгіннен бастап қолға алуы дала заңының бұлжымас қағидасы.

Қазір қалай? Өкінішке қарай, кейбір жастарға әй дейтін ажа, қой дейтін қожа табылмай отыр. Содан келіп қоғамда түрлі әдепсіздік, дөрекілік, зиянкестік, тіпті ажырасу көбейеді. Оның шет жағасын әрқайсымыз маңайымыздан көріп, біліп жүрміз.

blank

Осы ой Қостанай төрінде өткен ардагерлер кеңесінің жиналысында кеңінен талқыланды. Басқосуға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бұл кездесуді ашық әрі мазмұнды диалог құрып, тәжірибе алмасуға берілген  мүмкіндік деп бағалады.

blank

«Халқымыз «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді. Қазынаның қадірі ұрпаққа берген өнегесімен өлшенеді. Ақсақалдың әділ сөзі, әженің мейірімі, аға буынның адал еңбегі жас адамның өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі әңгіменің өзегі – ақыл-кеңесті нақты іске ұластыру болуы тиіс. Адал азамат тәрбиелеуде ардагерлердің өмір жолы үлкен мектептің қызметін атқара алады. Мектептер мен колледждердегі тәжірибелі ұстаздар, диқан, механизаторлар, дәрігерлер, өндіріс саласының ардагерлері, басқа да саладағы белсенді ата буын жастарға тұрақты тәлімгер болса, адалдық күнделікті әрекет арқылы бойға сіңеді», – деді ол.

Жиналыстың құрметті қонағы Әбілғазы Құсайынов еліміздің он екі облысын аралап, дәл осындай басқосуға мұрындық болғанын айтты. Ал Қостанайдағы кездесу – он үшінші.

«Қазіргі уақытта елімізде 2,5 млн ардагер бар. 2024 жылғы статистика бойынша 472 ардагеріміз 100 жастан асса, бүгінгі күні 1400 ардагер жүзден асқан. Бұл енді біздің байлығымыз», – деп бастады сөзін.

Одан кейін ардагерлер кеңесінің орталық аппараты ұсынған жоспарды таныстырды. Бұл бастама өңірлердегі ардагерлер ұйымы қызметінің негізгі бағытын айқындап, келешекке бағдар бермек.

«Әртүрлі іс-шараларда бата беретін адам таппай, бір-біріне сілтей бастайды. Неге? Өйткені көбі бата беру әдебін білмейді. Қазір жұмыс тобы осы мәселені зерлеп жатыр. Болашақта қай жерде қандай бата беру керегін түсіндіретін кітап жарыққа шығады. Келешекте сол жинақты көпшілікке таратып, бата беру дәстүрін жаңғыртамыз. Одан бөлек жоғарыда айтылған жеті бағыт бойынша әдістемелік құрал әзірленеді. Ұрпақ тәрбиесіне арналған жоспарды жүзеге асыруға облыс орталықтары мен үлкен қалалардағы беделді 500 мың ардагер жұмылдырылады. Тәрбиені біресе мектепке, біресе жоғары оқу орындарына сілтейміз. Бірақ оқу орындары білім береді. Шын мәнінде тәрбие басы – тал бесік. Сондықтан осы 500 мың адам отбасындағы, ағайын-туыс, көрші-қолаң, маңайындағы жастарды тәрбиелеуге күш салуы тиіс», – деді Әбілғазы Құсайынов.

Сондай-ақ ажырасу статистикасын мысалға келтіріп, отбасы құндылығының мәні жоғалып бара жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, жылына 100 мың неке қиылады. Айналасы екі-үш жылдың көлемінде соның тең жартысы ажырасумен аяқталады екен.

«Неге? Ажырасудың көбейгенін түсіндіретін адам бар ма? Негізгі сұрақ басқа. Әулеттің үлкендері қайда қарап отыр? Бұрынғы біздің салт-дәстүрлеріміз қайда? Жас шаңырақтың күйреуіне көз жұма қарауға болмайды. Толық емес отбасында өмір сүріп жатқан балалардың он, жиырма жылдан кейінгі тағдыры алаңдатады. Бұлай кете берсек қандай қоғамға айналамыз? Ажырасу — ұлтқа төнген қауіп. Мәселеге үлкендер тоқтау салуы тиіс», – деді ол.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттер авторы РСК